Ақтаудағы БН-350 реакторын істен шығару – әлем бойынша алғаш жүріп жатқан процесс

АҚТАУ. KAZINFORM – Атом реакторын істен шығару – Қазақстан, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания елдерімен келісілген, ауқымды көлемдегі және жоғары деңгейдегі күрделі процесс. Бұл процесс 1999 жылы басталған. Оған дейін, яғни 1973 жылдан бастап 25 жыл бойы реактор қандай мақсатта пайдаланылды?

МАЭК
Фото: МАЭК-тің баспасөз қызметі

БН-350 реакторлық қондырғысы – жылдам нейтронды, әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік реактор. Ол Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) құрамына кіреді. Комбинат электр энергиясын, жылу энергиясын, ауыз су, ыстық су мен техникалық (шаруашылық қажеттіліктері үшін) суды өндіріп, осы өңір тұрғындары мен өндірістік және тағы да басқа кәсіпорындарды қамтамасыз етіп отыр.

БН-350 реакторлық қондырғысы, яғни өнеркәсіптік атом реакторын әзірлеу туралы шешім 1960 жылғы 25 шілдеде қабылданған. 1963 жылғы 24 наурызда жобалау-конструкторлық жұмыстары басталды. 1971 жылы желтоқсанда жобаның негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Ал, 1972 жылы қыркүйекте реактор қондырғысына натрий жылу тасымалдағышы толтырылды. 1972 жылы 28 қазанда бірінші жылу бөлу қондырғысына жүктелді. Реакторды физикалық іске қосу осы жылы қарашада жүзеге асырылды. Ал, энергетикалық іске қосу 1973 жылы жазда болды. БН-350 реактор қондырғысы 1973 жылдан бастап, 1998 жылға дейін 25 жыл бойы ешқандай ақаусыз, сәтті жұмыс істеген.

Артур Седуш
Фото: МАЭК-тің баспасөз қызметі

Артур Седуш реакторды пайдалану кезінде бірде-бір ядролық қауіпті оқиға болмаған айтады. Ол 1997 жылы БН-350 реакторына жұмысқа орналасқан. Қазір ауысым бастығы болып жұмыс істейді. Қызметкердің айтуынша, реактормен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған.

- Материалдардың беріктігі, конструкция мен қызмет көрсетудің қарапайымдылығы, ядролық қондырғы жұмыс істеп тұрған кездегі персоналдың мінез-құлық мәдениеті және өндірістегі қауіпсіздік техникасы – осындай қауіпсіздіктің негізгі шаралары жүзеге асырылды. Ол кезде тәуекелдер мен адами факторлар болған жоқ. Алайда, қоғамда радиацияға байланысты белгілі бір қорқыныш пайда болғаны рас. Бірақ БН жұмысының барлық уақытында қызметкерлер арасында радиациялық немесе қауіпті аурулар тіркелген жоқ, - дейді ол.

Тәжірибелі маман сол жылдары елімізде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланып, өңірдің, өнеркәсіптің, әлеуметтік саланың дамуына жол ашқан қызметкерлердің орасан зор еңбегін атап өтті. БН-350 реакторлық қондырғысын жобалап, құруға, монтаждау, іске қосу жұмыстарына Физикалық-энергетикалық институттың ғылыми жетекшісі, Машина жасау тәжірибелі конструкторлық бюросының бас конструкторы, Бүкілресейлік кешенді энергетикалық технологиялық жобалау және ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысқан.

МАЭК
Фото: МАЭК-тің баспасөз қызметі

Реактор – атом электр станциясының қазіргі заманғы қауіпсіздік нормалары болмаған жылдары құрылғанымен, жобаны әзірлеушілер оны құруда талаптарды жоғары қалыптастырып, қолданған. Бұл БН-350 реактор қондырғысының қауіпсіздігінің ең жоғары деңгейде болғандығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

- Мамандар кейде жалақы алмай жұмыс істеді. Бір парызым деп есептеді. Реактордың сенімді жұмысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қазіргі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібі дамып келеді. Бейінді кәсіпорындардың ұжымдары ең жоғары талаптар мен қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтай отырып, атом өнеркәсібін дамытуда бүкіл ел үшін зор, маңызды нәтижелерге қол жеткізіп жатыр, - дейді Артур Седуш.

Реакторды пайдалану кезінде БН-350 бу генераторларында қыздырылған бу 2-ші жылу электр орталығына жіберілді. Одан әрі ол электр энергиясын өндіру үшін, тұщы су өндіру үшін пайдаланылды. Реактордың жобалық жылу қуаты – 1000 МВт (эквиваленттік электр қуаты 350 МВт тең) болды. Бірінші және екінші салқындату контурларында жылу тасығыш ретінде натрий пайдаланылды, ал үшінші контурдың жылу тасығышы су мен бу болды.

МАЭК
Фото: МАЭК-тің баспасөз қызметі

БН-350 реакторының максималды қуаты – 750 МВт. Бірақ, жұмыс істеп тұрған кезінде реактордың орташа қуаты шамамен 600 МВт болды. Реактордың жұмысы қолданыстағы уақытының жоғары пайдалану коэффициентімен сипатталады, ал ол реактордың қолданыста болған кезінде – 0,88. БН-350 реакторының бу генераторларында номиналды қуаттылықта 386 градус температурамен сағатына 950 тонна бу шығарды, бұл 125 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге және бір уақытта теңіз суынан тәулігіне 80 000 тоннаға дейін дистиллят алуға мүмкіндік берген.

Реактордың соңғы тоқтатылуы 1998 жылы 16 наурызда жүзеге асырылды. Ал, реакторды пайдаланудан шығару туралы шешім 1999 жылы шықты. Осы кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі БН-350 реакторын пайдаланудан шығару туралы қаулы қабылдап, ол кейіннен бөлшектеу және көму арқылы 50 жыл мерзімге қауіпсіз ұзақ мерзімді сақтау жағдайына келтірілді.

МАЭК
Фото: МАЭК-тің баспасөз қызметі

Қазақстан үкіметінің шешімдеріне сәйкес, БН-350 реакторын пайдаланудан шығару 3 негізгі кезеңнен тұрады:

  • Бірінші – БН-350 реакторлық қондырғысын ұзақ мерзімді қауіпсіз сақтау күйіне келтіру.
  • Екінші – 50 жыл бойы қауіпсіз сақтау.
  • Үшінші – жабдықтарды, ғимараттарды, құрылыстарды ішінара немесе толық бөлшектеу және радиоактивті қалдықтарды көму, аумақты оңалту.
МАЭК
Фото: МАЭК-тің баспасөз қызметі

1999 жылдан бері реакторды пайдаланудан шығарудың 1-кезеңі жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, пайдаланылған ядролық отынмен, сұйық металл жылу тасымалдағышпен, сұйық радиоактивті қалдықтармен, қатты радиоктивті қалдықтармен жұмыс істелінеді. Ғимараттарды, құрылыстарды және инженерлік жүйелерді қауіпсіз, ұзақ сақтауға дайындау, аумақты оңалту жұмыстары да атқарылып келеді.

МАЭК
Фото: МАЭК-тің баспасөз қызметі

Артур Седуштың айтуынша, БН-350 реакторы тоқтатылғанына қарамастан, оны пайдалану тәжірибесі, сондай-ақ қазіргі уақытта пайдаланудан шығару бойынша жинақталған тәжірибе әлемдік атом өнеркәсібінің дамуы үшін зор маңызға ие.

- Әлемдік қауымдастық және барлық ел жаңа атом электр станцияларын салу қажеттілігін толық түсінді. Өйткені, көмір мен мұнай бір күні таусылады. Ал оның орнына жаңа және қауіпсіз атом электр станциялары қажет. Біздің елімізде атом электр станцияларын салу туралы айтатын болсам, дәл қазір бұл мәселеде мүмкіндігінше тез, оң шешім қабылдаудың уақыты келді. Бізде барлық ресурс – уран және дарынды ғалымдар мен мамандар, атом саласына қажетті барлық дағды бар, - дейді маман.

Соңғы жаңалықтар