Ақтаудағы ұшақ апаты: сотқа дейінгі тергеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтаудағы маңындағы ұшақ апатқа ұшыраған оқиға орнына бірнеше құқық қорғау органдарының өкілі жіберілді. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтау
Фото: Алматы облысы ПД

- Оқиға орнына дереу Ішкі істер министрлігінің, Көліктегі полиция департаментінің және бас көлік прокуратурасының басшылығы, сондай-ақ жедел-тергеу тобы шықты, - делінген хабарламада.

Қазір апаттың барлық жағдайы мен себептері анықталып жатыр.

- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (көлік құралын пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру), - дейді департаменттен.

Өзге ақпарат Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, ҚР Президентінің тапсырмасымен әуе апатына байланысты Мемлекеттік комиссия құрылды. 

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының әкімі ұшақ апаты болған жерге барды. 

Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды. 

ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. 

Соңғы жаңалықтар