Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты қазір не белгілі
АСТАНА. KAZINFORM – Таңертең Ақтау қаласының маңында Әзербайжан астанасы Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады.

Ұшақ бортында 69 адам болған. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Қазір адамдарды құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған соңғы мәліметке сәйкес, апаттан аман қалған 29 зардап шеккен жан ауруханаға жеткізілді, оның ішінде 2 бала бар.
Қайғылы жайттан кейін Әзербайжанда 26 желтоқсан Аза тұту күні болып жарияланды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет комиссиясы Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады.
Одан бөлек, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын тергеу үшін мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстанға аттанды. Олардың қатарында Цифрлық даму және Көлік министрі, Төтенше жағдайлар министрі, Бас Прокурордың орынбасары, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, Мемлекеттік азаматтық авиация агенттігі директорының орынбасары, AZAL вице-президенті мен басқа да тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
Сонымен қатар әуе апаты болған оқиға орнынан видео жарияланды.
Қайғылы оқиғаға бей-жай қарамаған елордалықтар ұшақ апатынан зардап шеккен жандарға көмек ретінде жаппай қан тапсырып жатыр.
Сондай-ақ астаналықтар Қазақстандағы Әзербайжан елшілігінің алдына гүл шоғын қойып, қайғыға ортақтасуда.
Өз кезегінде әзербайжандық БАҚ өкілдері қазақстандықтарға алғыс айтып жатыр.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.