Ақтаудағы мемлекеттік мекемелер мен мәдени-көпшілік орындар өрт қауіпсіздігін сақтамағандықтан жабылуы мүмкін

None
None
АҚТАУ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтау қаласындағы оқу-тәрбие ғимараттары, емдеу мекемелері мен мәдени-көпшілік орындарда өрт қауіпсіздігі сақталмаған.
Бұл келеңсіздіктер өртке қарсы қызмет мамандарының аталмыш ғимараттарға жүргізген тексеру жұмыстары кезінде анықталды. Соған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті олардың қызметін тоқтату жөнінде сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталмыш департаментке сілтеме жасап. Бұл тізімге қаладағы Абай атындағы жалғыз мәдени-демалыс кешені де енгізілді. 40 жылдан астам тарихы бар осы кешенде мәдени шаралардың көпшілігі өтеді. Мыңдаған жасөспірім мен отыздан астам өнер ұжымының таланты шыңдалған қасиетті қара шаңырақ сот шешім ететін болса, жабылуы мүмкін. Өйткені мұнда көптен бері өрт сөндіруге арналған автоматты жүйе жұмыс істемейді. Сондықтан өрт шыға қалған жағдайда, оның алдын алу мүмкін емес. «Біздің ғимарат тым ескі. Соған сәйкес өрт сөндіру қондырғыларын орнату да қиын болып отыр. Ол үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі», - дейді Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің директоры Юрий Дир.Қазір облыстық аурухананы, қаладағы жалғыз перзентхананы, тағы сол сияқты емдеу мекемелерін өрт қауіпсіздігін қалпына келтіргенше жабу мәселесі сотта қаралуда. Оларда да өрт қауіпсіздігі ережелері өрескел бұзылған.
Соңғы жаңалықтар