Ақтаудағы сауда орындарынан нитрат нормасы асып кеткен жемістер анықталды
«Көкөністер мен жемістердегі нитрат концентрациясының деңгейін тексердік. Бүгінде 140-қа жуық жеміс сынамадан өтті. Олардың сегізінде нитрат рұқсат етілген нормадан асып кеткені анықталды, соның ішінде өрік, алша, шабдалы, алхоры бар», - деді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Шырақбаев.
Мәселен, қарбыздағы тыңайтқыштың рұқсат етілген дозасы 60 мг болса, Өзбекстаннан әкелінген жемісте көрсеткіш 90 мг-ға жеткен. Ал Шымкент пен Түркістаннан жеткізілген қарбызда 70 мг көлемінде нитрат бары анықталған.
«Нитраттың көптігі организмді түрлі ауруларға алып келеді. Көбінесе ішек ауруларына тап қылады. Егер 2 есе, 3 есе көп болып кетсе, ол өте қауіпті болып саналады. Концентрациясы көп болмау керек. Өзінің нормасынан аспау керек», - деді Ұлттық сараптама орталығы зертханасының маманы Ақбөбек Айтқұлова.
Шара қорытындысы бойынша мамандар жергілікті атқарушы органдарға норманың бұзылуы анықталған өнімді сатудан алу қажеттігін көрсете отырып, ұсыныс хат жолдамақ.
Эпедимиологтар халықты да ерте піскен жеміс-жидек пен көкөністі тұтынуда уланып қалмауға шақырады.