Ақтауды жаңбыр басты: көшелерден 10 мың текше метр су сорылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтау қаласында 7 қарашадан бастап толассыз жауған жауын салдарынан қала аумағындағы 11 нүктеде көп мөлшерде су жиналды. Осыған байланысты коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Ақтауды жаңбыр басты: көшелерден 10 мың текше метр су сорылды
Видеодан алынған кадр

Су сору жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника мен 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды.

— Жұмыстарға коммуналдық мемлекеттік мекемелердің, Төтенше жағдайлар департаментінің, сондай-ақ мердігер компанияның арнайы техникалары мен жол жұмысшылары тартылды. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, — деді қала әкімі Мақсат Мұқаш.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңбыр суын сору жұмыстары түнгі ауысымда да күшейтілген режимде үздіксіз жалғасады.

Күндізгі және түнгі ауысымдарда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қала аумағынан жалпы 10 мың текше метрге жуық жаңбыр суы сорылып шығарылды.

Қазіргі уақытта қала аумағындағы жағдай жауапты сала мамандарының бақылауында. Жаңбыр суын сору және жолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғасады.