18:51, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтаудың ең кішкентай аруы анықталды
АҚТАУ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыс орталығында «Ақтаудың ең кішкентай аруы» атты сұлулық байқауы өтті. Сайыс қорытындысында бас жүлдені 9 жасар Әдел Қаспанова иеленді.

Енді ол Болгарияда өтетін халықаралық байқауда еліміздің намысын қорғамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бұл байқау осымен 8-ші рет өткізіліп отыр. Оған 8 бен 14 жас аралығындағы 12 қыз қатысып, «Египет коллекциясы», «Қар ханшайымы коллекциясы», сұрақ-жауап, таланттар думаны және 12 айдың ханшайымы деген сайыс шарттары бойынша өнерлерін көрсетті. Қатысушылардың ішіндегі ең жасы кішісі - 2-ші сыныпта оқиды. Байқауға қатысатын қыздарды іріктеу өткен жылы басталған. Оларды дайындауға да көп еңбек еттік. Хореограф, режиссер, дефиле жөніндегі жаттықтырушы мамандар әрбір сайыскердің сахнада жүріп-тұруы мен өзін-өзі ұстауын және сөйлеу мәнерін қадағалап, байқауды әсерлі өткізуге атсалысты»,-дейді мәдени шараның режиссері, әрі ұйымдастырушысы, «Колибри» балалар сән театрының директоры Елена Синица.Байқауда бір ғана жүлделі орын беріліп, қалған қатысушылар, «Талантты ару», «Сүйкімді ару», «Жылдың моделі» сынды т. б аталымдар бойынша марапатталды. Оларға қалалық әкімшіліктің демеушілігімен әр қатысушының есімінің басты әріптері бар алтын әшекей бұйымдары, ал бас жүлдегерге алтын сырға тарту етілді.