Ақтаулық кәсіпкер африкалық кларий сом балығын өсіріп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтаулық кәсіпкер Евгений Меньшенин африкалық кларий сом балығын өсірумен айналысады. Ол былтыр 27 тонна балық өсірді. Кәсібінің несібін көріп жүрген қала тұрғыны биылдан бастап балықтың басқа түрін өсіруді жоспарлап отыр.

34 жастағы Евгений Меньшенин балық шаруашылығымен айналысып жүргеніне 6 жыл болған. Балықтарға тапсырыс негізінен қаладағы супермаркеттерден түседі екен. Орал, Ақсай және Атырау қаласынан тапсырыс беретіндер де бар. Кәсіпкердің айтуынша, балықты өсіру процесі жабық сумен жабдықтау қондырғысы арқылы жүзеге асады.
– Бұл кәсіпті мен әкеммен бірге бастадым. Алғашқы екі жыл кәсіпті танумен өтті. Бастапқыда балықты қалай өсіру керек, оған қандай күтім керек деген сұрақтарға жауап іздедік. Кәсіп өзінің несібін тек үшінші жылы бере бастады. Жалпы «Кларий сом» балығын өсіру тиімді. Себебі бұл балық суды аса талғамайды, әрі тез өседі. Балықты өсіру процесі жабық сумен жабдықтау қондырғысы арқылы жүзеге асады. Балық 26-30 градус аралығындағы жылы суда өседі. Олар арнайы Польшадан әкелінген «Алер-Аква» жемімен қоректенеді. Бұл жем жануар ақуызынан тұрады. Оған генетикалық түрлендірілген организм және өсу гормондары қосылмаған. Біз жылына «Кларий сом» балығын 27 тонна шамасында өсіреміз. Биыл 65-70 тонна көлемінде өсіруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, биылдан бастап типалия балығын өсіруді жоспарлап отырмыз, - деді Евгений Меньшенин.