Ақтаулықтар қытай көліктерінің сервистік қызметінің қымбаттығына шағымданды
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласындағы «Экзид» автосалоны тұтынушыларының айтуынша, сервистік қызметтің құны нарықтағы бағадан 2-2,5 есе жоғары.

Ақтау қаласының тұрғыны Сапармұрат Сейтмұратовтың көлік сатып алғанына 2 жылдан асқан. Содан бері ол темір тұлпарының мотор майын 3-4 рет ауыстырып, қалтасы қағылған.

— Бірінші рет тек май мен сүзгінің өзін 60 мың теңгеге ауыстырды. Одан кейін 80 мыңға ауыстырды. Басқа жерде ол 30 мың теңгенің шамасында. Егер де басқа лицензиясы бар, құжатталған сервистік мекемелерден ауыстырсақ, кепілдіктен шығарып тастайды, — дейді ол.

Тұрғындар алғашқы кезде сервистік қызметтің қолжетімді бағада болғанын айтады. Бірақ кейін күрт қымбаттап кеткен.
— Бұл көптеген тұрғынның мәселесі. Басында майдың бағалары орташа қолжетімді болды. Соңғы кезде майдың бағасы, мотордың майын ауыстыру өте қымбаттап кетті. Хюндай, тойоталардікі бұл жерден 20 пайыз төмен. Осы мәселені шешіп беруді сұраймыз, — дейді Ақтау қаласының тұрғыны Құралбек Исламов.

Ал, аталған дилерлік орталықтың өкілі Екатерина Копылованың сөзінше, орталық тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуді ғана көздейді.
— Тұтынушылардың шағымдарын ескереміз. Арыздарын алдық. Бұл жағдайды зерделейміз. Көлік иелерінің әр талабын мұқият қарап, міндетті түрде жауап береміз, — дейді дилерлік орталықтың өкілі.

Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушы құқығын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаевтың мәліметінше, қытай автокөліктеріне қатысты арыз-шағым түспеген.
— Егер автосалондар жаңа көлікке қосымша қосалқы заттарды (сигнализация, тонировка т. б.) мәжбүрлейтін болса, заңнамада жауапкершілік қарастырылған. Бұл біздің департаменттің құзыретіне кіреді. Ал автосалондардың ішкі жұмысы мен қызметтеріне (май ауыстыру, жөндеу жұмыстары т. б.) департамент араласа алмайды, — дейді Рауан Мұхаев.
Бұған дейін, Ақтауда жасөспірім күйіп қалған жылу желісіндегі апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.