Ақтаулықтар жылу мен суға жарымай отыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Қалада жылу беру маусымы 15-қазанда басталды. Алайда көптеген тұрғын үйге әлі күнге дейін жылу берілмеген.
-Үйіміз салқын. Пеш қосып, газ жағып отырмыз. Түнде жатқанда қорқамыз. Су мәселесі де шешілген жоқ. Жаздан бері киім-кешегімізді әркімнің үйіне барып жуып, әр жерде жуынып жүрміз. Ішетін суды көшеден автоматтардан тасимыз, - дейді 32 А шағын аудан 21-үйдің тұрғыны Жанат Бауенова.
Жылудың жоқтығына одан бөлек 8,11,15,18 және 19-шағын аудандардың тұрғындары да шағымдануда.
Кейбір тұрғындар жылудың және ауыз судың жоқтығын айтып, наразылықтарын әлеуметтік желіде білдірді.
Ал Ақтау қаласының әкімдігі болса, шаһардағы тұрғын үйлердің 92 пайызына жылу берілгенін жеткізді.
-23 қазан күнгі мәлімет бойынша Ақтаудағы тұрғын үйлердің 92% жылу берілді. Бүгінгі күні магистралдық жылу желілерінде ақаулар (порыв) жоқ. Тұрғын үйлердің маңындағы тарату желілерінде орын алған 35 ақау жөнделуде. Оған Жаңаөзен қаласынан арнайы келген 8 бригада, қала әкімдігі тарапынан 27 адам және «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінен 11 бригада жұмылдырылды. Барлығы 110 адам мен 49 техника жұмыс жасауда, - делінген хабарламада.
Әкімдік жылу жоқ үйлерге ақаулар (порыв) қалпына келтірілгеннен кейін жылу берілетінін жеткізді. Айта кетейік, қалада жылу тарату желілерінің тозуы 79 пайыз.
Бұған дейін, Ақтаудағы ауыз су тапшылығы туралы жазған болатынбыз.