Ақтаулық оқушы Қазақстан өсімдіктерінің энциклопедиясын жасағысы келеді

Қазақстаннан Малайзияға жалпы саны 42 оқушы барды, олар биология ғылымы мен информатика бойынша білім алды.
Сәттіғали Жолдасбай «биология, биомедицина, фармацевтика», ал Аман Жұмабек - «информатика және инжиниринг» модулі бойынша курстан өтті.
«Күн сайын педагогтар бізге қызықты тапсырмалар берді, сабақ тақырыбын жан-жақты түсіну үшін түрлі сұрақтар қойды. Үш апта бойы біз ауру түрлерін, белгілерін, себептерін және емдеу жолдарын зерттедік; өсімдіктен ДНҚ алып, өсуін бақыладық. Біз тек қана биология емес, микробиология, экология, психология, фармацевтиканы да үйрендік. Нақты мысал келтірер болсам, сабақтардың бірінде тобымызбен қосылып аспирин жасап көрдік. Бірнеше сәтсіздіктен кейін үлкен қажыр-қайратты, мұқият зер салуды қажет ететінін түсіндік. Курстан кейін Қазақстан аумағында өсетін өсімдіктердің энциклопедиясын жасағым келіп жүр», - деп С.Жолдасбай өз әсерімен бөлісті.