Актау–Шымкент рейсінде бомба барын айтқан әйел психоневрологиялық диспансерде есепте тұр — полиция

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау әуежайында резонансты оқиға болды.  «Scat» әуе компаниясының Ақтау–Шымкент рейсінің жолаушысы ұшақта жарылғыш зат барын хабарлап, салдарынан шамамен 200 адам шұғыл эвакуацияланды, ал арнайы қызмет өкілдері ұшақты тексерді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

Ақтау әуежайы
Фото: БҚДА

Әуежай қызметкерлері мен полицияның мәліметінше, бортта 27 жастағы әйел сәбиімен бірге болған. Ол ұшақ қонғаннан кейін осындай мәлімдеме жасаған. Жүргізілген мұқият тексерістен кейін жарылғыш зат табылған жоқ.

Жолаушы ұсталды. Маңғыстау көліктегі полициясы әйелге қатысты «терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қылмыстық іс қозғады.

— Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды, — деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар Маңғыстау станциясы желілік полиция бөлімінің аға инспекторы Рахым Орынбаев әйелдің психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғанын айтты.

— Көрінеу жалған терроризм актісі туралы хабарлама фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Әйел психоневрологиялық есепте тұр, — деді ол. 

Айта кетелік Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары әлемдік деңгейдегі мультимодальды орталықтарға айналады

Соңғы жаңалықтар