Актер - адам, тұлға...

Бірақ қазақ театр тарихында аты Алтын әріппен жазылған қаншама ұлы өнерпаздар бар. Бәрін қаз-қатар тізіп айту да мақсұт емес. Оның қажеті де жоқ. Жұрт онсыз да біледі. Бірақ бір қызық сұрақ туады. Ол мынандай: «Қазақ өзіне-өзі таңғала алмаса, өзгені қалай таңғалдырмақ?». Рас қой! Біз таңғалудан қалып барамыз. Сахнадағы артистің рөлі де бізге соншалықты әсер етпейтіндей... Неге? Әлде, ол әлемді түсінгіміз келмей ме? Шукшинның: «Рембрандтай суретші, Чаплиндей актер бола алмас едім» деген сөзін әлі ұмыта алмай жүрмін. Бұнда бір шындық бар! «Актер деген кім? Оның өнерде алатын орны қандай? Біз актерларды қаншалықты тани білдік?» деген сұраққа Әкемтеатрға жауап іздеп бардым.
Саят МЕРЕКЕҰЛЫ, актер
Театрға деген құштарлығым бала кезімнен-ақ оянды
Актер - адам, актер - тұлға. Актерды тұлға жасайтын - еңбегі. Бұрындары «Халық театрлары» ауыл-ауылды аралайтын-ды. Жиналған жұртта есеп болмайтын. Қазір облыстағы театрлар «шықпа жаным, шықпамен» жандарын әзер бағып жүр. Актер үшін отыз-қырық мың айлық алу деген сұмдық нәрсе ғой. Бұл оның әлеуметтік статусымен қатар, жалпы беделін түсіру деген сөз емес пе?! Қырық мың айлық алатын адамнан қалай тұлға жасаймыз? Адамды ойландыратын дүние өте көп. «Неге?» деген сұрақ туады. Оның шешімін іздейсің. Соңында әлгі сұрағың құйрығын ұстатпай кетеді. Жаның ауырып, жүйкең жұқарып, өзіңнен-өзің күйзеліп, өзіңді-өзің мүжігенің мүжіген. Сағат он екіде ұйықтап қалатын адамды бақытты деп есептеймін. Мен түнгі екісіз басым жастыққа тимейді. Неге? Себебі, халықтың басындағы жағдай жаныңды ауыртады. Актер қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Қоғамдағы мәселелер санаға ой, жүрекке салмақ салады. Ол - ақиқат. Кеше ғана теледидардан төрт баласын саудалаған қазақ әйелін көрсетті. «Өкімет балаларға жәрдемақы төлесе, әлгі әйел перзенттерін сатар ма еді?!» деген сұрақ туды. Төрт баланы «Жетімдер үйіне» өткізген күннің өзінде, оларды шетел азаматтарына сатып жібереміз. Бұл ол орынды сотқа беріп жатқан адам жоқ. «Қазақ әйелі сондай қадамға бармас үшін не істеу керек?» деген тағы бір сұрақ туады. Құдайға шүкір, қазақ өнерінде, оның ішінде театр өнерінде тұлғалар бар. Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Шахан Мусин, Камал Қармысов, Әзірбайжан Мәмбетов, Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова, Нұрмұхан Жантөрин сияқты ұлы өнерпаздардың сахнада жасаған бейнесі екінің бірінің қолынан келмейді. Образ сомдау барысында актердің төккен тері, ұйқысыз өткізген түндері, күлкісіз өткізген күндері аз ба? Ал жастарымыз осы кісілер туралы біле ме? Алдыңғы буын ағаларым - Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаевтар да тұлға. Одан кейін ағалардың ізін басып келе жатқан Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Оразхан Кенебаев, Әубәкір Рахимов, Айдос Бектемір, Бекжан Тұрыстар да тұлға. Бір адам екінші адам туралы әңгіме айту үшін - алдымен соның деңгейіне жетіп алуы керек. Қазақта: «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген керемет мақал бар. Ақша алдыға озып, адами қасиеттер артта қалып бара жатқан заман болды. Мен оқыған кітабымды кино сияқты көремін. Күлетін жерде күлемін, жылайтын жерде жылаймын. Сол кітаптағы күлдіргі дүние жанымды жадыратса, қайғылы нәрсе жүрегіме қозғау салып, еріксіз көзіме жаз алдырады. Сахнада бейне жасап, жасап қана қоймай, соған халықты иландыру бұл - актердың актерының ғана қолынан келетін шаруа. Ал бүгіндері сол қауымның қадірі кетіп, бағасы төмендеп бара жатқан сияқты. Өнер қиялдан туады. Қиял ұшқыр болу үшін кітап оқу керек. Жастар екі сөздің басын құрап, сөйлей алмайды. Себебі, кітап оқымайды. Біз көзімізді майшаммен кітап оқып ашқан ұрпақпыз ғой. Кітап кеміріп өстік. Жанарымызды су алып бара жатса да, кітап оқимыз. Актерлік - Алла берген сый, әкенің қаны, ананың сүтімен даритын ерекше қасиет. Мәскеуде оқып жүргенімде ұстазым: «Адамның бойында дарын болмаса, елу жыл оқытсаң да ештеңе өнбейді», - дейтін. Шікірейіп киім киіп, үсті-басыңды қанша алтындасаң да актерлық қабілетің болмаса, бәрі бекер. Өнерді сүймесең, өнерге берілмесең, өнер де сенен теріс айналады. Менің сахнаға деген құштарлығым бала кезімнен-ақ оянды. Бірде Кировке театр келіп, ойын қойды. Ауылдың балаларына ілесіп мен де бардым. Ойынды мәшинаның қорабында отырып тамашаладым. Сахна төрінде - таудың көрінісі. Басты рөлді ойнаған жігіттің үстіңгі төрт қасқа тісі темірмен қапталған екен. Сөйлегенде жарыққа шағылысып, жалт-жұлт етеді. Осындай актер болсам-ау, деген арман оты тұтанып, өнерге деген сүйіспеншілік жүрегіме ұя салды. Мектеп қабырғасында көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өлең айтып, сырнай ойнайтынмын. Әкем марқұм, ә дегеннен-ақ актер болуыма қарсы болды. «Тұқымда жоқ нәрсені қайдан шығардың, балам. Өзім сияқты ұстаз бол. Бала оқыт», - деді. «Жоқ, әке! Актер боламын!» - деп айтқанымнан қайтпадым. Шешем: «Мереке! Баланы бетінен қақпа. Қалауы сол болса, жібер», - деді. Сөйтіп, қой сойып, ауыл ақсақалдарының батасын алып, жолға шығарып салды. Алғашқы ойнаған қойылымым - «Боз төбеде бір қыз бар». Ақпанның бірінде Мұхтар М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында істегеніме, міне, жиырма жеті жыл толды. Театрға келгенде, басымнан сипап, жанына бірден тарта қойған адам болған жоқ. Себебі, театрда беделі бар кісілердің бірде-біреуінің шәкірті емес едім. Бір әріптесім: «Сәке, бұл жерде саған рөл бермейді», - деді. Сөйтсем, береді екен. Ол үшін еңбектену керек. Мен сомдаған Жүсіпбек Аймауытов, Абай, Қарабай, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов сияқты образдарды маңдайыма жазылған бақыт деп білемін...
Нұржан БЕКСҰЛТАНОВА, актриса
Театрда жұмыс істеу - бақыт
Талант та - сарқылмалы дүние. Ол сарқылмас үшін көп еңбек ету керек. Актер мамандығын таңдағысы келген жастарға көп ізденіп, көп оқыса деп, ақыл-кеңес айтқым келеді. Образ жасау үшін актер ойлылықты, өз мамандығыңның қыр-сырын жетік меңгеруді қажет етеді. Актер - ғылымға жақын. Неге? Себебі, бейнені толық зерттемей, сенде толымды образ шықпайды. Оң жамбасыңа келетін рөлдер болады. Бірақ енді сондай кейіпкер қашан бұйырады екен деп күтіп жүре алмайсың ғой. Бір рөлді жиырма жыл бойы ойнау актерге оңай соқпайды. Яғни кәсібилігіңді бір деңгейде ұстап тұру өте қиын. Алғашқы, бірінші, екінші, үшінші премьерада ол халықтың қошеметтеуімен өз рөлін алып шығар. Ал төртінші қойылымнан бастап артист барлық күшін жұмсайды. Дәл сол тұста оның кәсіби деңгейі көрінеді. Сондай адамды шын мәніндегі актер дейміз. Ол үшін ішкі жинақылық, дайындық, ізденіс қажет. Актер өз рөліне сенбесе, онда ол көрерменді де сендіре алмайды. Мен пьесаны оқып отырғанда, бірінші мәтінге мән беріп, кейіпкердің мінез-құлқын зерттеп, жазылған шығарманың қай уақытты (сөз, іс-қимыл, киім, темп, ритм, динамика) қамтығанын зерделеймін. Евгений Миронов: «Актер бір-ақ сұраққа жауап беруі керек. Мен ойнағанда не туралы айтып тұрғанымды білуім қажет», - дейді. Мәтінді оқу барысында көптеген пунктуацияларға, аяқастынан үзіліп кеткен диалогтарға, терең монологтарға тап боласың. Автор неге бұлай жазды, кейіпкер бұл сөздерді қандай көңіл-күймен айтты деген сұраққа жауап таппағанша, ішкен асым бойыма тарамайды. Жауап тапқан соң мен сахнада емін-еркін жүре бастаймын. Демек, кейіпкердің сахнадағы орны айқындалды деген сөз.
Театрда тек қана бақытты адамдар жұмыс істейді деп ойлаймын. Себебі, күнұзаққа осында боласың, ешқайда шықпайсың. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын тылсым шығармашылық атмосфера бар. Қазір бақытсыз адамдар мен індет көп. Қарап отырып, жаның түршігеді. Театр бір бөлек әлем сияқты. Күнделікті спектакльдермен өмір сүреміз. Мен өзімді бақытты жан санаймын. Театрда жұмыс істеу - бақыт. Театрға келген көрерменді де бір сәтке болса да бақытты етуге тырысамыз...
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ