Актер боламын деп армандамадым, маңдайыма жазылыпты – Сәкен Қалымов

АСТАНА. KAZINFORM – Мұхтар Әуезов бейнесін экранда сомдаған танымал әнші, композитор Сәкен Жақсылықұлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында рөлді қалай қабылдағанын айтып берді.

Сәкен Қалымов
Фото: Видеодан алынған скрин

– Мұхтар Әуезовтің рөлін сомдау мен үшін аса қиын болған жоқ. Себебі, камера мен көпшілікке үйренген адаммын және көп адам менің сырт келбетімді жазушыға ұқсатады. Маған хабарласып, «Мұхтар Әуезовтің тұлғасына арнап түсіріліп жатқан фильмге қатысасыз ба?» дегенде, қуанып кеттім, – деді ол.

Сәкен Жақсылықұлының айтуынша, түсірілім кезінде сахналық киім де, мәтін де сол дәуірге сай таңдалған.

– Түсірілім алаңына барған бетте алдымда отырған екі қыз: «Мынау Әуезовтің өзі ғой» деп қалды. Бұл рөлді алып шығу аса қиын болған жоқ, тек Әуезовтің сөздерін жаттау сәл күрделілеу болды. Ол көше тілі емес, көркем, бай әдеби тіл. Соны сезініп, дұрыс жеткізу қажет болды, – дейді ол.

Өнер иесі актер болу бала күнгі арманы болмағанын, алайда тағдыр жолы оны дәл осы рөлмен экранға әкелгенін атап өтті.

– Сериал жылдың үздік сериалы атанып, «Тұмар» жүлдесін жеңіп алды. Бұл мен үшін үлкен абырой. Актер боламын деп армандаған қазақ емес едім, сөйтсем маңдайыма солай жазылған екен, – деп түйіндеді Сәкен Жақсылықұлы.

Бұған дейін Сәкен Жақсылықұлы ««Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында шығармашылығы мен фонограммаға қатысты көзқарасын білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар