Актердің жүйрігі бар, шабаны бар - Т.Жаманқұлов, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы

ОРАЛ. 13 қараша. ҚазАқпарат - Бәріміз де актерміз. Актердің жүйрігі бар, шабаны бар. Бұл туралы бүгін еліміздің батыс аймағындағы театрлардың форум-фестивалінің ашылу салтанатында Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов мәлім етті.
None
None
«Сол кейбір шабан актерге жүлде алдыратын деңгейде қойылым қоя алатын режисерлердің барына қуанамыз, - деді ол. Жасыратыны жоқ, ХХІ ғасырға жетсек те, баяғы сарында қалып қойған, ілгері жылжи алмай отырған театрлар бар. Жалпы жаңашылдық деген не, театр өнерін дамыту үшін драматургтер мен режиссерлер суреткерлік деңгейге қалай көтеріле алады? Бізді мазалап отырған осындай сан сұрақтарға жауап таба аламыз ба? Ойлы, әдемі, ойнау тәсілі бөлек актер мен тосын шешімдерге бара алатын режиссер, қысқасы, елді елең еткізетін театр керек. Бұған жету өте қиын, уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр, оған қалай ілесеміз, міне, мәселе сонда». «Актерсіз драматург те, режиссер де тұл» деген театр тарланы әртістердің 30 мың теңге жалақы алатынын, жанкешті мамандық иелерінің жалақысын өсіру туралы министрлікте, билік алдында талай айтылып, нәтижеге қол жеткізе алмай жүргені туралы қынжыла мәлімдеді. Өнер додасының ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев театр өнері туралы ойларын ортаға салып, екінің бірі актер бола алмайтынын, әр қойылымның көрерменге сыйлар жан тебіренісі актер ойынына байланысты екенін, актер ойыны арқылы ізгілік, махаббат, сыйластық сияқты ұлы адами құндылықтар ұрпақ санасына даритынын жеткізді. Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанов та әртістердің жалақысын көтеру керектігін айтып, өңірдегі театрлардың өзекті мәселелеріне тоқталды. «Өздерімен өздері қалып қойған облыстық театрлардың басын қосып, мәселе көтеріп жатқан бұл форум - нағыз дер кезінде өткен шара. Бұл аш өзегі талған театрға аз да болса қорек болар деп ойлаймын. Облыстық театрлардың материалдық-техникалық базасы нашар. Батыс аймақтағы театрлардың осындай форумын жыл сайын төрт облыс кезектесіп өткізуге ұсыныс жасаймын. Жау келді демесе, басы қосылмайтын батысты біріктіріп, форумға театр сыншыларын, тіпті шеберлік сабақтарын беру үшін алыс-жақын шетелден мамандар шақыру керек», - деді ол. Жиналған көпшілікке фестивальдің қазылар алқасының мүшелері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, театр сыншысы Сәния Қабдиева, аталмыш академияның деканы Асхат Маемиров, доценті, драматург Шахимарден Құсайынов және Ресей Мәдениет институтының қызметкері, театр сыншысы Елена Борейша-Покорская таныстырылды. Жұма күні мәреге жететін форум барысында батыс аймақтағы театрлар өз қойылымдарын ұсынумен бірге режиссерлер мен актерлер үшін шеберлік сағаттары да өткізілуде.
Соңғы жаңалықтар