Активтерді қайтару заңы күшіне енгеннен бері қанша ақша сыртқа шығарылды — Бас прокуратура жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң күшіне енген 2023 жылдың шілдесінен бері Қазақстан аумағынан қанша актив жылыстатылды? Осы туралы мәлімет алу үшін Бас прокуратураға сауал жолдаған едік.

Активтерді қайтару заңы күшіне енгеннен бері қанша ақша сыртқа шығарылды — Бас прокуратура жауабы
Фото: Еңбекмині

Бас прокуратура заңсыз иемделген активтерді қайтару процесі туралы оқтын-оқтын мәлімет жариялап жатқанымен, қоғамда осы жұмыстардың тым жабықтығы туралы сын көп. Кейбір сарапшылар, қоғам белсенділері арнайы заң қабылданып, арнайы құзырлы орган осы іспен тыңғылықты айналысып жатқанына қарамастан, түпкі көзі күмәнді байлығын сыртқа асыру әрекеттері әлі тыйылмай жатқанын айтып, дабыл қағады.

Заң күшіне енгеннен бері ел аумағынан неше миллион теңгенің активі шығарылды? Белгілі болған нақты деректер саны қанша? Бұл фактілер бойынша қанша тергеу басталып, шоттар бұғатталды, келіссөздер жүргізілді? Қазір қайтарылып жатқан активтердің ішінде осы заң күшіне енгеннен кейін шығарылған активтер бар ма? Ел көкейінде жүрген осы және өзге де сұрақтарды Бас прокуратураға жолдағанбыз.

— Заңның 8-бабының 3-тармағына сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган және комиссияның мүшелері алынған мәліметтердің сақталуын және жасырындығын қамтамасыз етуге міндетті. Осыған байланысты, комитеттің қарауына түскен мәліметтердің мазмұны таратылуы шектеулі ақпаратқа жатады. Сонымен қатар, тексеру нәтижелері бойынша жеткілікті негіздер болған жағдайда комиссияның мақұлдауымен активтерді қайтару шаралары қабылданады. Активтерді қайтару бойынша жұмыс нәтижелері, сондай-ақ оларды заңды экономикалық айналымға тарту мен тиімді пайдалану туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып тұрады, — деп қысқа қайырған Бас прокуратура қызметкерлері.

Сондай-ақ, жауапта заң күшіне енген 2023 жылдың 12 шілдесінен бүгінге дейін 103 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылғаны айтылған.

— Бүгінгі күнге, заң тетіктерін пайдалана отырып, мемлекетке 749 млрд теңгеден астам сомадағы активтер қайтарылды, оның ішінде 645 млрд теңгеден астам ақшалай қаражат түрінде, ал құны 103 млрд теңгеден астам тұратын мүлік заттай қайтарылды, — деп жазылған жауапта.

Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек Astana Hub орталығы майнинг фермалар арқылы заңсыз активтерді жылыстатуға жол беріп отыр деген күмән білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар