Активтерді елге қайтаруы тиіс адамдардың тізімі күзде белгілі болады

«Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тиісті тізімге енгендерге үш ай мерзім беріледі. Яғни осы реестрдегі адам активтерді айқын жариялай алады немесе мәжбүрлі тәртіпте қайтару тетігі іске қосылады. Бұл реестрді комиссия белгілейді», - деді Ұ. Байжанов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар журналистер қазіргі кезде аталған тізімге неше адам енгенін сұрады.
«Заң мақұлданды. Бұл бағытта тиісті жұмыс басталады. Менің ойымша, қыркүйек айынан осы істі бастаймыз», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Заңда активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген.
Айта кетейік, бүгін Сенат «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңын мақұлдады. Оның аясында заңсыз иемделген активтерді қайтару мәселелері бойынша комиссия құру ескерілген. Оның құрамына Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері кіреді.
Сонымен қатар Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады. Ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайды.