Ақтөбе әкімі Қарғалы өзені маңындағы тұрғындарға ескерту жасап, үйінен шығуды сұрады

Ақтөбе
Фото: видеодан кадр/облыс әкімдігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Қарғалы өзенінің деңгейі көтерілуіне байланысты өзен бойындағы бірқатар бау-бақша ұжымдарына қауіп төніп тұрғанын жеткізді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Әкім тұрғындардан эвакуацияға дайын болып, үйлерінен шығуды сұрады.

«Су өзен арнасынан асып, Қарғалы алабына жақын орналасқан Сейсмик, Нефтяник, Эко, Солнышко, Гауһар сияқты бірнеше бау-бақша ұжымдарына жайылып келеді. Бұл жерлерде қазір жағалауды топырақпен бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ өзен таситын болса, мұның өзі жеткіліксіз. Әрі ертең нөсер жауын күтілуде. Бұл қазіргі жағдайды қиындата түсетіні анық. Сондықтан тұрғындардан эвакуацияға келісім беріп, үйлеріңізді алдын ала тастап шығуды сұраймын», - деді Азамат Бекет.

«Қазсушар» РМК Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Әділжан Әлізақ та Қарғалы су қоймасындағы қазір жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, өзен 95% толған.

«Қарғалы су тоғанында 95%-ға су жиналып тұр. Эксплуатация бойынша 350 текше метр суды жіберіп жатырмыз. Қарғалы өзенінің деңгейі көтерілуі мүмкін. Дәл қазіргі сәтте ауа райы құбылып, жаңбыр жаууына байланысты су қоймасы қосымша ашылады. Ол өзен суының деңгейі арнасынан асуына әкеледі деген болжам бар», - деді ол.

Ақтөбе облысы ТЖ департаментінің ТЖ алдын алу бөлімінің бастығы Тарас Коваленко Елек және Қарғалы өзендері маңындағы жағдай туралы жеткізді.



«Құрметті, Елек және Қарғалы өзендерінің маңында тұратын Ақтөбе қаласының тұрғындары! Температураның жоғары болуына, сондай-ақ жауын-шашынның көп түсуіне байланысты су деңгейінің көтерілуі байқалып отыр. Ағынның қарқыны үдеген жағдайда су қоймаларынан су ағызу көлемі ұлғаюы мүмкін. Қазіргі уақытта олар штаттық режимде, қорды аз-аздан толтыру үшін жұмыс істеп жатыр. Жағдай күрделі екенін, су тасқыны аяқталмағанын түсіну қажет. Солтүстік бөлікте қар қорының қалдықтары бар, олар ағындардың еруі және ұлғаюына әкеледі. Сондықтан эвакуация жүргізілген жерлерге оралу қауіпсіз емес. Су тез келуі мүмкін. Төтенше жағдайда 101, 112, 109 нөмірлеріне қоңырау шалу сұралады», - деп хабарлады Тарас Коваленко.

Соңғы жаңалықтар