«Ақтөбе» чемпиондыққа таласты жалғастырады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІІ турында «Ақтөбе» өз алаңында алматылық «Қайратты» жеңді.

Бұл кездесу аталған турдағы басты ойынның бірі болды. Қос команда да биыл чемпиондықтан үміткер саналады. Үздік үштікте бір-бірімен үзеңгілес келеді.
Кездесу барысында алматылық клуб сапынан Виталий Громыко 52-минутта мергендік танытқан еді. Дегенмен олар бұл есепті ұстап тұра алған жоқ. «Ақтөбе» сапынан Фредди Гондола 82-минутта таразы басын теңестірсе, Идрис Умаев 89-минутта жеңіс голын соғып кетті. Осылайша қарсыласын 2:1 есебімен қапы қалдырған «Ақтөбе» турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Дәл осындай есеппен елордалық «Жеңіс» Қостанайдың «Тобылын» тізе бүктірсе, «Атырау» өз алаңында Түркістанның «Тұранынан» 3:0 есебімен басым түсті. Ал, аталған турдағы «Астана» мен «Шахтер» (Қарағанды) кездесуі 16 қазанға шегерілді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Жетісу» «Елімайды» 2:0 есебімен жеңсе, «Ордабасы» командасы «Қызылжарды» 1:0 есебімен сүріндірді.