«Ақтөбе» енді Конференция лигасында сынға түседі
АСТАНА. KAZINFORM — «Ақтөбе» футбол командасы бүгін UEFA Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Легия» (Варшава) командасымен қарымта ойын өткізді.

Кездесу барысында ақтөбелік футболшылар белсенді қимыл көрсетті. Ойын барысында қарсылас команда маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде де ақтөбелік команда гол соғу мүмкіндігін іздеді. Алайда ойынның 91-минутында польшалық клубтан Юрген Элитим қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Бірінші ойында да олар польшалық командаға дәл сол есеппен есе жіберген еді. Салдарынан ақтөбелік клуб Еуропа лигасындағы жорығын ерте аяқтады.
Енді олар Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде Чехияның «Спарта» клубымен ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» клубын (1:1, 2:0) қапы қалдырды.
Айта кетсек, шымкенттік «Ордабасы» футбол командасы UEFA Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасына (3:4, 1:1) есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады.
Ал елордалық «Астана» аталған турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастайды.