«Ақтөбе» есепті теңестіргенімен, «Торпедо» жеңісті жұлып алды
АСТАНА. KAZINFORM — Өскемендік «Торпедо» хоккей клубы Қазақстан чемпионаты аясындағы кезекті ойынын «Ақтөбе» командасына қарсы өткізіп, 3:1 есебімен жеңді.
Кездесу тартысты өтті. Алғашқы кезеңде есепті «Торпедо» ойыншысы Рифель ашты. Ол Колобов пен Глухихтің нәтижелі пасынан кейін шайбаны қарсылас қақпасына дәл бағыттады. Екінші кезеңде командалар есепті өзгерте алмады. Шешуші үшінші кезеңде ойын қарқыны арта түсті. Алдымен «Ақтөбе» хоккейшісі Аипов есепті теңестірді. Алайда өскемендік команда ойын тізгінін өз қолына алып, екі шайба соқты. Әуелі Данияр Бутенко мен Гусейновтің көмегімен мергендік танытса, артынша Гусейнов Гатиятов пен Даниярдың нәтижелі пасын сәтті пайдаланып, матчтың қорытынды есебін белгіледі - 3:1.
Матч барысында қос команда да белсенді ойын көрсетті. «Торпедо» қақпаға 34 соққы бағыттаса, «Ақтөбе» ойыншылары 31 рет шабуылдады. Енді «Торпедо» келесі ойындарын 29 және 30 қазанда «Номад» командасына қарсы өткізбек.
Айта кетейік, «Барыс» қатарынан үшінші мәрте жеңіліске ұшырады.