«Ақтөбе» футбол клубы Самат Смақовқа қалай сатылған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал футболшы "Ақтөбе" футбол клубын 7 жылға сенімгерлік басқаруға алған болатын, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, клуб үш рет саудаға шығарылды. Екі конкурста жеңімпаз анықталған жоқ. Ал үшінші сауда-саттықта Самат Смақов жеңімпаз атанды. Сөйтіп, "Ақтөбе" футбол клубын 7 жылға сенімгерлік басқаруға алды. "Құны - 110 млн теңге. Сол кезде ол соны төлеп бітіруі керек... Ең бастысы, футбол клубының негізгі бағыты өзгермеуі шарт. Сосын Смақов - жақсы футболшы. Ол көп нәрсе біледі. Біз сырттан футболдың жаңа әдістерін, оқуларын, тәжірибелерін алып келіп, өзімізге енгізуіміз керек. Екіншіден, біз футбол академиясын құрдық, яғни, кішкентай баладан бастап кәсіби футболшыға дейін барлығы бір жүйеде болуы қажет. Сол арқылы біз Ақтөбенің футболын дамытамыз. Негізгі мақсатымыз - жергілікті жастарды тәрбиелеп, футболды ары қарай дамыту", - деді Б.Сапарбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кетейік, осы брифингте Бердібек Машбекұлы танымал әнші Димаш Құдайбергеннің Ақтөбеде үлкен концертті өткізетінін жеткізді. Сондай-ақ, жұмысшылардың жалақысын қалай көтеретінін айтып берді.