Ақтөбе хром қосындылары зауыты жұмысын тоқтатуы мүмкін бе

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе хром қосындылары зауытында жұмысшылар жалақының жөнді төленбегенін айтып, наразылық білдірді. Шикізат уақытылы жеткізілмей, зауытта өндіріс көлемі азайған. Бұл өз кезегінде жалақының төмендеуіне әкеп соқты.

Ақтөбе хром қосындылары зауыт
Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбе хром қосындылары зауытының жұмысшылары дүйсенбі күні жалақыға қоса берілетін үстемақының тым азайып кеткенін айтып, наразылық білдірді. Осыдан кейін оқиға орнына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жандос Әлімов барды.

Жандос Әлімов Kazinform тілшісіне сол күні зауыт жұмысшылары кәсіпорын алдында наразылық білдіргенімен, жазбаша шағым түсірмегенін айтты. Арада екі күн өткенде тараптар қайта кездесіп, мәселенің мән-жайы түсіндірілді.

- Айлыққа қосымша берілетін премияның аз болуы зауытқа жеткізіліп жатқан шикізатқа байланысты екен. Шикізат жеткізушілер тарапынан кешіктірулер болып жатыр. Басшылықтың айтуы бойынша, вагондар дер кезінде жеткізілмеген. Шешу жолдары бар. Басшылық балама жолдарын іздеуі керек. Бір ғана елмен шектеліп қалу дұрыс емес. Өзбекстанда, өзге де елде кальцинирленген сода шығарылады. Тараптармен сөйлесіп, шикізатты уақытында жеткізу мәселесін біз жергілікті атқарушы орган ретінде көмектемесіз. Тиісті мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істейміз. Сонымен бірге зауыт құрылтайшысымен қосымша сөйлестік. Несие алып, 100 млн теңге қаржы тауып, қыркүйек айында 50% премия алады деп шешілді. Қазан айында да осы жағдай қайталанбас үшін бірлесе жұмыс істеу керек, - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов.

Оның айтуынша, кальцинирленген сода мен хром кені бұл кәсіпорынның негізгі шикізаты. Хром кенінің қоры елімізде жеткілікті. Қазақстан әлем бойынша екінші орында тұр. 

- Өндіріс орнын кішігірім деп айта алмаймыз. Өзіндік орны бар. Жалпы облыстағы өндірістің 2,5% құрайды. 1957 жылы құрылған. Химиялық өндірісте алатын орны бар. Бихромат натрий, бихромат калий, хром тұздарын шығарады. Бояу, фармацевтика мен авиацияда қолданады. Қолданатын аясы, орны зор. Сондықтан да біз көмектесуге дайынбыз, - деді Абзал Әбдікәрімов.

Еске салсақ, қыркүйекте жылдық инфляция 8,3% болды: тариф пен отынның бағасы өсіп кеткен.