09:04, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтөбе хром қоспалары зауыты қайта жұмыс істей бастады
АҚТӨБЕ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Қаңтар айында өз жұмысын тоқтатқан Ақтөбе хром қоспалары зауыты қайта жұмыс істей бастады.
Еңбек министрі Бердібек Сапарбаев кеше Ақтөбе облысына жасаған сапары барысында, аймақтағы ең ірі кәсіпорынның бірі саналатын осынау зауытқа ат басын бұрып, ондағы жұмыс орындарын сақтау жөніндегі дағдарысқа қарсы бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ақтөбе хром қоспалары зауыты - дағдарысқа дейін әлемнің 34 еліне экспортталып келген кең қолданыстағы химиялық өнімдер шығаратын Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған кәсіпорын болып табылады. Кәсіпорын пайдаланатын шикізаттың барлық дерлігі - жергілікті өнімдер, атап айтқанда Дөң кен байыту комбинатының өнімдері, Ресейден тек кальцилендірілген сода ғана алынады. «Біз 2008 жылдың қыркүйек айына дейін тұрақты жұмыс істеп келдік. Қазан айынан бастап сатылым төмендей бастады, ал қаңтар айында әлемдік дағдарысқа байланысты біз өз жұмысымызды тоқтатуға мәжбүр болдық, бірақ өз кадрларымызды сақтап қалдық. Адамдар жұмыспен жартылай болса да қамтылды, уақытша басқа нысандарға - жабдықтарды жөндеуге ауыстырылды, осының арқасында біз цехтардағы күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап отырмыз. Жалақы бойынша қарызымыз жоқ», дейді «Ақтөбе хром қоспалары зауыты» АҚ басқармасының төрағасы Алексей Химич. Бүгінде жұмысшылар толық жұмыс күніне ауысты, ал кәсіпорын қуатының 50 пайызына жұмыс істеуде, наурыз айында 70 пайыз қуатқа, ал ағымдағы жылдың екінші жартысында, болжам бойынша, толық жобалық қуатқа шығу жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдар да, өз кезегінде, кәсіпорынға қолынан келгенше қолдау көрсетіп отыр, атап айтқанда, жыл басынан бері электр қуатының тарифі төмендетілді, Ақтөбе хром қоспалары зауыты арзан ілеспе газды тұтынады. «Электр қуаты, шикізат бойынша қиындық жоқ, басты проблема - сату дағдарысы» дейді Алексей Химич.