Ақтөбе қалашығы ашық аспан астындағы музейге айнала ма
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының іргесінде Ақтөбе-Лаэти тарихи қалашығы бар.

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, облыс әкімдігінің 2023 жылғы 11 сәуірдегі № 53 қаулысына сәйкес аталған тарихи қалашықты қорғау аумағы бектілген.
Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарындағы қалашық Атырау қаласындағы «Жұлдыз-3» шағын ауданында орналасқан. Қалашықтың аумағы — 34,9 гектар.

— Ақтөбе-Лаэти қалашығы ХІІІ-ХV ғасырларда Каспий маңы ойпатындағы Алтын Орданың гүлденген қалаларының бірі болған. Ортағасырда Алтын Орда қалаларынан шыққан керуендер Хорезм, Иранға Ақтөбе-Лаэти арқылы өткен. Бұл қалашықта алғашқы қазба жұмысын 1965 жылы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Михаил Мерщиев бастады. Ал 1974-1981 жылдары аралығында КСРО Ғылым академиясына қарайтын Археология институтының Еділ-Орал бойы экспедициясы қазба жұмысын жүргізді. Оған археолог Лев Галкин жетекшілік еткен, — дейді Толыбай Достыбаев.
Тарихшылардың пайымынша, қалашықтың жойылуына ХІV ғасырда Каспий теңізі деңгейінің көтерілуі себеп болуы мүмкін. Ал, ХХ ғасырдың 50-жылдарынан кейін қалашық үстінен сүрлеу жол салынған. Малдың таптауымен мәдени қабаты бүлінген.
Атырау археологтары бұл қалашыққа 2017 жылы археологиялық қазба жұмысын жүргізу қолға алды.
Биыл Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің археологиялық тобы қазба жұмысын жалғастырды. Оған археологтер, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов пен Амангелді Зайнов жетекшілік етеді.

— Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысымен ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығында археологиялық қазба жұмысын бастадық. Бұл қалашық — Алтын Орда дәуіріне тән, елімізде ежелгі өркениеттің, экономикалық және мәдени дамуына айрықша үлес қосқан қолөнер орталығы. Біз 2017 жылы өндірістік кешенді тапқан едік. Сол кезде ескі қала орнынан қыш ыдыстар мен мыс тиындар табылды. Көне бұйымдар ғана емес, ескі қалашықтар — біздің бабаларымыздың тарихы. Біз номадтар мен сарматтардың өркениетін тек көшпенділікпен ғана байланыстырмауымыз қажет. Өйткені, олар да қолөнерді жоғары деңгейде дамытқан. Оған Ақтөбе-Лаэти қалашығынан табылған көне жәдігерлер дәлел бола алады, — дейді Марат Қасенов.
Археологтың пікірінше, қалашықта тұрғын жайлардың орындары мен қабырғалары жақсы сақталған. Қалашықтың мәдени қабатының қалыңдығы — 15-60 см.
Мұнда темір, шыны, сүйек, сәндік бұйымдар өңдейтін шеберханалар болған. Ал көне тарихтан сыр шертетін жәдігердердің арасында керамикалық ыдыстар, моншақтармен жүзіктер, шыныдан жасалған білезіктер, ХІV ғасырға жататын алтын тиын бар.
Бұл жәдігерлер Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде қойылған.

— Қала туралы алғашқы деректі 1861 жылы Орал әскері сызба бөлімінің меңгерушісі, штабс капитан А.Алексеев «В 8 верстах от города Гурьева на СВ на левой стороне реки Урала есть возвышенность с признаками построек, которую я осматривал, и нашел такую же битую посуду, как и в Сараиль-Джадит, медные деньги тоже похожи. Кроме этого тут множество человечьих костей и разных животных» деп жазған. Ал Ақтөбе атауы зар заман ақыны жыршы Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауында «Ақтөбе мен Қоғанша, Асанқайғы бабаның, Қызыл тастан үй салдырып, Он жыл тұтас отырып, Әңгіме құрып кеткен жер…» делінген. Осындағы Ақтөбе атауын Ақтөбе-Лаэти қалашығымен байланыстыруға болады, — дейді ғалым.
Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, көне қалашық орнын ашық аспан астындағы музейге айналдыру көзделген.

— Мұндай тарихы қалашықтар жете зерттелуі қажет. Өйткені, ел тарихының болашақ ұрпақ үшін маңызы зор. Сол себептен, бұл қалашықтың орнын ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес 2018-2019 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде 1890 шаршы метр болатын қазба орнына реставрация жасалады. Онда садақ ату орнын салу жоспарланып отыр. Мұнда әкімшілік ғимарат салынып, абаттандыру жұмысы жүргізіледі, — дейді Толыбай Достыбаев.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевтің пікіріне сүйенсек, ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығы мен Атырау қаласының тарихи байланысын анықталуы мүмкін.
— Бұл үшін Ақтөбе-Лаэти қалашығының тарихы одан әрі зерттелуі керек. Оның атауындағы Лаэти сөзінің мағынасы толық зерттелмеді. Археологтар бұл қалашықтың негізінде Алтын Ордалық қала жатыр деген пікір айтады. Біріншіден, Ақтөбе-Лаэти қалашығы болуы ықтимал. Екіншіден, қалашық аумағында ортағасырлық қоныстар болуы мүмкін деген пікір бар, — дейді Мұхамбетқали Кипиев.

Еске сала кетелік, былтыр Атырау облысындағы жоталардан 50 млн жыл бұрынғы акуланың тістері табылғанын хабарлаған болатынбыз.