Ақтөбе қаласы маңындағы ауылда балабақша тәрбиеленушілері тоңып жүр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы Бекқұл баба ауылындағы балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары шағым айтып, көмек сұрады. Балабақша іші салқын, балалар жиі ауырып қалады.
Қала орталығына жақын маңдағы Бекқұл баба ауылының тұрғындары бүгін жиналып, балабақшаға барды. Ата-аналар күз келіп, қыс түскен кезде балалары жиі ауыратынын айтып, шағым түсірді. Қалың киіммен жібереді, кейбірі уақытша тоқтатып қойды.
- Ауылда бір ғана балабақша бар. Ол жеке болғанымен, бұрынғы мектеп ғимаратын алған. Қазіргі түрі апатты жағдайда тұрған сияқты. Сондықтан біз осыны қарап, тексеріп, шешімін шығарғанын қалаймыз, - деген ата-аналар Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысын шақырды.
Бекқұл баба ауылындағы балабақша ескі мектептің ғимаратында орналасқан. Бірнеше жыл бұрын оны жеке кәсіпкер сатып алып, балабақшаға айналдырды. Қазіргі кезде 95 балаға мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Бюджеттен айына әр балаға 54 600 теңге бөлінеді.
- Ата-аналар «іші салқын, балалар қайта-қайта ауырып жатыр» деп шағым айтты. Балабақша ішін қарадым. Жылу батареяларын ұстап қарағанда ыссы болып тұр. Бірақ ішкі температурасы дұрыс емес. Кемінде +23+24 °C болуы керек. Бұл жерде одан төмен. Балаларға салқын тиюі мүмкін. Ата-аналардың арыз-шағымы негізінде қарап, әрі қарай «балабақша жұмыс істей ме, жоқ па» деген мәселе шешіледі. Тоқтауы да мүмкін. Құрылтайшысы тиісті шешім шығармаса, бұл үлкен сұрақ болады. Өкінішке қарай мұнда өзге балабақша жоқ, - деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Латып Әліби.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында көпқабатты үй тұрғындары жылыту маусымы басталғалы бері жылу батареяларының ысымағанын айтып, шағымданды.