Ақтөбе қаласында аялдама павильонын орнату жұмысы енді басталады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында биыл 50-ден астам аялдама павильоны орнатылады. Ол үшін бюджеттен 145 млн теңге қарастырылды. Мердігерлер әзірге бір де біреуін қондырмады. 

Ақтөбе қаласында аялдама павильонын орнату жұмысы енді басталады
Фото: Kazinform

Ақтөбе қаласында 820 аялдама бар. Оның 250-інде аялдама павильоны жоқ. Биыл 150 аялдамаға жөндеу жүргізіледі. Сонымен бірге 56 аялдама павильоны салынауы тиіс.

– Жаңа аялдама павильондарының кейбірі ескісін ауыстырады. Сол кезде ескілері бұрын павильон болмаған аялдамаларға орнатылады. Мұндайда тұрғындар өтініші ескеріледі. Жаңа тұрғын алаптарында, сонымен бірге аялдама орны қарастырылмаған жеке секторларда павильон жоқ. Қала сыртындағы кейбір жерлерде жол жоқ болған соң павильон да орнатылмаған, - деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жанесен Масабаев. 

Оның айтуынша, әйнектен, поликарбонаттан жасалғаны сынып қалса, жөнделіп тұрады. Сонымен бірге сырлау, орындықтарын жөндеу, сынғанын дәнекерлеу қарастырылады. 

– Қазіргі кезде 56 аялдама құрастырылып жатыр. Содан кейін ғана орнату жұмысын жүргізеді. Бұл жұмыстарға биыл 145 млн теңге бөлінді. Ал аялдама қалташаларын салу ол өзге жұмыс. Биыл 30-ға жуық қалташа жасалды. Сол жерлерге павильон орнатады, - деді Жанесен Масабаев. 

Еске салсақ, Ақтөбеде былтыр да аялдама павильонын салу жұмысы күзде атқарылды. Ол кезде де 56 павильон салу қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар