Ақтөбе қаласында қар жинау жұмысы үздіксіз жүріп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында қар жинау жұмысы қызу жүріп жатыр. Қала 24 учаскеге бөлінді.

қар, қыс, Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласындағы Алматы және Астана аудандарында қар жинау жұмысын ұйымдастыру үшін аумақ 24 учаскеге бөлінді. Барлығы 17 мердігер мекеме кеше түннен бастап қарды полигонға тасып жатыр. 

— Жұмыс бригадалары екі ауысыммен күні-түні жұмыс істеп жатыр. Мердігер мекемелер бригадалары алдымен магистральді жолдарға, қоғамдық көлік бағыттарына, көпірлерге тұз қоспасын септі. Қыста көшелерді тазалауға 350 бірлік техника шығады. Қаланы қардан тазарту үшін күндізгі ауысымда 30 бригада (40 тиегіш, 150 жүк көлігі) және түнде 20 бригада (20 тиегіш, 60 жүк көлігі) жұмылдырылады. Мердігерлер қазірдің өзінде 1250 тонна тұз, 1830 тонна құм-тұз қоспасы және 2000 тоннадан астам құм жинаған, — деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

қар, қыс, Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова

Мәселен Астана ауданында қазір жолдар ғана емес, жүргіншілер жолы тазартылып жатыр. 

— Санитарлық-тазалау жұмыстарына Астана ауданы бойынша 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Коммуналдық мекеме жұмысшылары жазда шөп шауып, қоқыс жинайды. Қыста қар жинаумен айналысады, — деді Ақтөбе қаласы Астана ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Мирас Әжібаев.

Еске салсақ, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі сырғанақтар мен аттракциондарды тексеріп жатыр. Бәрінде қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар