Ақтөбе қаласында күзгі санитарлық-тазалық жұмыстарының екі айлық науқаны басталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов санитарлық-тазалық акциясына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласында күзгі санитарлық-тазалық жұмыстарының екі айлық науқаны басталды

Өңір басшысы 101-ші атқыштар дивизиясы көшесінде орналасқан скверде және Батыс-2 шағынауданындағы «Манхэттен» тұрғын үй кешені аумағында өткен сенбілікке қатысып, қаланы көркейту, абаттандыру жұмыстарына үлес қосты.


«Ақтөбе – еліміздің батыс өңіріндегі ірі қала. Сәулетіне көркі сай болуы тиіс. Шаһардың тазалығы өзімізге сын. Сондықтан қала тұрғындары, кәсіпкерлік объектілерінің иелері, меншік нысанына қарамастан барлық мекеме басшылары, ұжымдары сенбілік жұмыстарына шығып, аумақтарын тазалауға міндетті. Барлық Ақтөбе жұртын екі айлық тазалық науқанына белсенді қатысуға шақырамын!», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.


Айта кету керек, екі айлық санитарлық-тазалық акция аясындағы бірінші сенбілік бүгін қаланың 62 қоғамдық кеңістігінде өтті. Астана ауданы бойынша – 46, Алматы ауданының 16 саябағы мен скверінде сенбілік жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер, мекеме ұжымдары шықты.

Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердің басқарушы компаниялары, кондоминиумдары (пәтер иелері кооперативтері, меншік иелері бірлестіктері) тұрғындармен бірге аула-аумақтарын ретке келтіріп, күл-қоқыстан тазартты.

Санитарлық тазалық науқаны аясында 17 қыркүйек пен 17 қараша аралығында апта сайын жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылатын болады.