Ақтөбе қаласындағы Қарғалы ауданының күндері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Туған жерім - нұрлы елім!» атты акция аясында Қарғалы ауданының күндері өтті, деп жазады «Ақтөбе» газеті.

Ақтөбе қаласындағы Қарғалы ауданының күндері

«Кішкентай Швейцарияның» балығы

  Сенбіде қарғалылықтар «Табыс» коммуналдық базарында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды. Осы жерде бізге Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Блиев жәрмеңкеге қандай өнімдер әкелгендерін айтып берді.

- Бүгінгі жәрмеңкеге ауданымыздағы 8 ауылдық округі және «Степное» шаруа қожалығы қатысып отыр. Жәрмеңкеге 5 тоннадан астам ет әкелдік. 2,5 тонна сиыр еті, 1 тоннадан астам жылқы еті, 800 келі қой еті, 800 келі шошқа еті келді. Осы жылы картоп пен құсты көп әкелдік. Бөдене жұмыртқасы бар. Атап айтсам, 26 тоннаның үстінде картоп, 10 тоннадан артық қызылша, сәбіз, тағы басқа көкөністер әкелінді. Бағбандар өздері еккен қауын-қарбызды да жеткізуге тырысты. Сондай-ақ, дәстүрлі емес шаруашылықтардан бал мен балық  ұсынып отырмыз. Ешкі сүті де бар, - дейді Ерлан Блиев.

Қарғалы ауданындағы «Инж Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балық шаруашылығын енді ғана қолға алып жатыр. Серіктестік иесі Қайрат Берденов жәрмеңкеге ауға түскен алғашқы балықтарын әкеліп тұрғандарын айтты.

- Биыл Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен келісімшартқа отырдық. Қарғалы су тоғанын 10 жылға жалға алдық. Тек қана балық шаруашылығын дамытып қана қоймай, болашақта Қарғалының көркем табиғатын ішкі туризмде қолдану мақсатында жұмыстанып жатырмыз.

Мен өзім әуесқой балықшымын, бір сөзбен айтсам, табиғатпен «тілдескенді» ұнатамын.  Егер көрген болсаңыз, Қарғалы - «кішкентай Швейцария» ғой. Біздің ауданның табиғаты - ерекше әдемі. Туризмге сұранып тұр. Балық аулаудан спорттық жарыс  ұйымдастырғымыз келеді. Қазіргі таңда «Балық аулаушылар лигасымен» әңгіме жүргізудеміз. Алдағы уақытта балық аулаудан облыстық жарыс ұйымдастыруды жоспарлап жатырмыз. Қазір Қарғалы су тоғанының айналасын қоқыстан арылтып жатырмыз. Ал жәрмеңкеге алабұға, табан, шортан секілді 500 келі балық әкеліп отырмыз,  - дейді Қайрат Берденов.

«Сыбаға» жоспары орындалды

Қарғалы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жаңылсын Исмағұлова бізге ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға аудан тұрғындарының қатысуы жақсы екенін әңгімелеп берді.

- Қазіргі таңда «Сыбаға» бағдарламасының жоспарын орындап тұрмыз. Бұл бағдарлама бойынша «Ардағым», «Надежда», «Ақжан», «Жанар» және «Әлім» шаруа қожалықтары несие алды. 163 бас малға қаражат бөлініп, шаруа қожалықтары несиелерін алып болды. Қазіргі таңда несиеге ие болған қожалықтар  136 бас мал сатып алды. Қалғандары да жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, «Алтын асық» бойынша осы жылы 450 бас мал сатып алуға жоспар берілді. Қазіргі күні 294 бас мал сатып алынды. Оның да жоспарын орындаймыз деп ойлаймыз. Ең ірі несиеге, анығы 300 бас мал сатып алуға «Успех» шаруа қожалығы өтініш беріп, қазір қаражатын қолына алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша «Жаңа тұрмыс» шаруа қожалығымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар 70 жылқы сатып алмақшы. «Құлан» шамалы қиындау болып тұр, себебі оның пайыздық ставкасы субсидияға жатпайды. 16 пайызбен береміз. Сондықтан шаруа қожалықтарына қиындау болады. «Ырыс» бағдарламасы бойынша «Томирис» шаруа қожалығы 65 асылтұқымды сиыр алуға өтініш берген, - дейді Жаңылсын Ертайқызы.

 Төлеуовтің тілегі

Қарғалы ауданындағы 35-40 пайыз өнім өндіретін ірі кәсіпорын - «Степное» ЖШС. Жәрмеңкеге көп көлемде ет және шұжық әкелген кәсіпорын қожайыны Аманғос Төлеуовті әңгімеге тарттық.

- Бізде төрт түлік малдың бәрі бар. Осы Ақтөбеде «Атамекен-нан» зауытымыз, «Багет» кондитер цехымыз жұмыс істеп тұр. Бадамшада элеваторымыз, диірменіміз бар. Шұжық цехымыз да бар. Мал өнімдерін өңдейміз. Қала халқына дайын күйінде сатамыз. Біздің шаруашылық тың игеру жылдарында мал азығын дайындайтын кеңшар болып ашылған. Қазір үлкен шаруашылыққа айналды ғой. Қазіргі таңда біз үш мектепті қамқорлыққа алып отырмыз. Атап айтсам, үш мектептің 400-дей оқушысын  ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырмыз. Себебі, қазір Үкімет ыстық тамақты тек әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына ғана береді. Қалған балалар үшін қаражатты ата-аналардан жинайтын еді, биыл ата-аналардан ештеңе жинамаңдар дедік. Қуаңшылық болғанға дейін біз осындай көмек көрсететін едік. Үш жыл қуаңшылық болып, қиындау болды. Биыл, құдайға шүкір, өнім де жақсы, егіннің түсімі де жақсы әрі балалар ыстық тамақ ішіп, қуанып жүрсін дедік. Бұл мектептер біздің шаруашылыққа қарайды. Қайрақты, Ащылысай, Степное ауылдарының балаларына көмегіміз болсын деген тілек біздікі. Бұл ауылдарда неміс, украин, тағы басқа ұлттар  тату-тәтті тұрып жатыр. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Қарғалы ауданының 95 жылдығы құтты болсын! 25 жылда біздің Қазақстанды біраз ел таныды. Бұл - Елбасымыздың дұрыс жүргізіп отырған саясатының арқасы. Ақтөбе де қазір таза, әдемі қалаға айналып келе жатыр. Бұлай деп Германияға, Ресейге көшіп кеткен таныстарым да айтады. Егемендігіміз баянды, еліміз тыныш болсын! Құрбан айт қабыл болсын! - дейді Аманғос Төлеуов шаруасы мен тілегін айтып.

 ПЕТРОПАВЛОВКА КАРТОБЫ - АУДАН БРЕНДІ

Жәрмеңкеге Желтау ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары сан алуан өнімдерінің табиғилығымен қала жұртшылығын таңғалдырды. Округ әкімі Рүстем Қопаевтан жәрмеңкеге қатысып отырған шаруа қожалықтар туралы сұраған едік.

- Петропавловка картобы біздің округтің, қала берді ауданның бренді десек те болатын шығар. Облыс тұрғындары әлі күнге дейін Петропавловка картобын іздеп келеді. Осы жәрмеңкеге «Алма» шаруа қожалығы 3 тонна картоп, 1,5 тонна қызылша, 2 тонна орамжапырақ әкелді. Сондай-ақ, «Пайда», «Ақжол», «Алем+» және «Арман» шаруа қожалықтарының әрқайсысы 2-3 тоннадан картоп ұсынып отыр. Ал «ЭкоАгро» шаруа қожалығы үйрек, қаз, тауық еттерімен қатар тауық жұмыртқасын сатуға шығарды. «Медовик» шаруа қожалығының қожайыны Александр Сенацкийдің табиғи балы да ақтөбеліктердің сұранысына ие.  Келісі 2 мың теңгеден болса да, омарташының саудасы жүріп жатыр. Каналин жеке кәсіпкерлігі бөдене жұмыртқасын ұсынып тұр. Сонымен қатар, «Ақсүт» шаруа қожалығы ешкі сүтін әкелді, - деген Желтау ауылдық округінің әкімі Рүстем Қопаев бізді ешкі сүтіне қарай бастап барды.

Петропавловка ауылынан келген «Ақсүт» шаруа қожалығы ешкі сүтін және оның өнімдерін ұсынып тұр. Осы шаруашылықтың технологі Асылжан Өтегенова:

- Бұл шаруаны 2014 жылы бастадық. Әуелі шамалы ешкіні лақтарымен бірге Ресейден сатып алдық. Екі жылда олар көбейіп, қазір шаруашылықта 100-ге жуық ешкі бар. Бәрі де -  сүтті ешкілер. Олардың түбіттері болмайды. Қазір  сауыншылар 20-сын сауып жүр. Сол ешкі сүтінен айран, брынза, құрт жасаймыз. Алайда, құрт сатуға дейін жетпейді, өзімізден, айналамыздағы көрші-көлемнен ауыспайды. Ешкі сүтін 500 теңгеден, брынзаның келісін 2 мың теңгеден сатамыз, - дейді.  

Бұл күні Ақтөбе жұрты Қарғалы ауданынан келген ауылдың тап-таза, табиғи өнімдерін тиімді бағамен сатып алып, сөмкелерін толтырып тарасты. Айтпақшы, бұл күні Қарғалыдан келген етке ақтөбеліктер таласып қалғанын көрдік. Ет саудасы ерекше қызғанын содан-ақ көруге болады.