«Ақтөбе» командасына жаңа бапкер тағайындалды

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстандық «Ақтөбе» командасы словакиялық маман Штефан Тарковичпен келісімшартқа қол қойды. Бұл жөнінде «Ақтөбе» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім етті.

«Ақтөбе» командасына жаңа бапкер тағайындалды
Фото: championat.com

Штефан Таркович 1973 жылы 18 ақпанда дүниеге келген. 1996 жылдан бастап словакиялық бірқатар клубта өнер көрсетті. Бапкер ретінде Словакия, БАӘ клубтарында еңбек етсе, 2023-2024 жылдары Қырғызстан құрамасын жаттықтырды. 

Айта кетейік, «Ақтөбе» командасы биылғы біріншілікті сәтсіз бастады. Алғашқы үш турда бір мәрте жеңіске жетіп, қалған кездесулерде қарсыластарына есе жіберді. Қазір турнир кестесінде 3 ұпаймен 10-орында тұр. Осы жағдайға байланысты болгариялық маман Николай Костов қызметінен кетті.

Былтырғы футбол маусымының ортасында 62 жастағы маман команданы жетекшілік етіп, чемпионатта 5-орынға табан тіреді. 2025 жылдың тамызынан бері Костовтың басшылығымен «Ақтөбе» ҚПЛ аясында 10 ойын өткізді. Оның төртеуін жеңсе, біреуінде тең ойнап, қалған бесеуінде жеңіліске ұшырады.

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының төртінші турында ақтөбелік клуб 5 сәуірде сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытау» командасымен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар