03:54, 17 Мамыр 2012 | GMT +5
Ақтөбе мешіті «Алла» деген жазуы бар арақ қақпақтарын жинауда
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық «Нұрғасыр» мешіті әдеттегіден айрықша акция бастады. Мешіт өкілдері қала тұрғындарынан бір ай бұрын ел арасында дүмпу туғызған «Алла» деген жазуы бар арақтың қақпақтарын өткізуді өтінді.

«Еуразия» бірінші арнасына акцияның мәнін түсіндіре келе, Ақтөбе облысының бас имамы Ә. Дәуренбеков қақпақтардың мешітте тегін қабылданатынын жеткізді.
БАҚ беттерінде бұдан бұрын хабарланғандай , биыл сәуір айының басында Семей тұрғыны ішімдік бөтелкесінен «Алла» деген жазуды байқаған. Семей имамдары да араб қарпімен Алла Тағаланың аты жазылғанын растаған. Кейін анықталғандай, «Алла» деген заттаңбасы бар арақты ақтөбелік «Геом» компаниясы шығарыпты. Бұдан соң компания еліміздің Бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі мен Қазақстан мұсылмандарынан ресми түрде кешірім сұрады және заттаңбаның дизайнын серіктес ұйымдардың бірі дайындағанын мәлімдеді. Әдепкіде компанияда ішімдікті ұлттық стильде шығармақ болған екен.
Еуразия бірінші арнасы