Ақтөбе облысында 12 мыңға жуық адам сенбілікке шығып, 7 200 ағаш отырғызды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day аясында өткен сенбілікке 12 мыңға жуық адам қатысып, өңір бойынша 7 200 түп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ы
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясындағы тазалық және көгалдандыру жұмыстары Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық ауданында ұйымдастырылды. Оған белсенділер, еріктілер, өнер саласының өкілдері, мемлекеттік органдар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері және тұрғындар қатысты.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Қоныс» спорт сарайының жанындағы жаңа саябақ аумағында ағаш отырғызды.

я
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

– Бағдарламаның мәні тек көшелерді тазалаумен шектелмейді. Бұл – адамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және әрбір азаматтың өз қаласына, ауылына, көшесіне деген жауапкершілігін арттыру, – деді Асхат Шахаров.

Сенбілік барысында облыс бойынша 7 200 түп ағаш отырғызылды. Олардың арасында мойыл, шетен, шаған, қарағай, сирень, тал, үйеңкі, жеміс ағаштары және басқа да өсімдік түрлері бар.

я
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Жабық тамыр жүйесі бар көшеттердің биіктігі шамамен 2-4 метр. Мамандардың айтуынша, олар агротехникалық талаптарға және қазіргі ауа райына сай отырғызылған. Бұл ағаштардың жерсіну мүмкіндігін арттырады.

Өңірде жасыл желекті көбейту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2026 жылы Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында жалпы аумағы 135 гектар жасыл белдеу құру жоспарланған. Қазіргі уақытта 46 гектар аумаққа 154 мыңға жуық түп ағаш отырғызылды. Жоспарланған жұмыстар қараша айына дейін аяқталуға тиіс.

я
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Сонымен қатар облыста 12 қыркүйек пен 14 қараша аралығында екі айлық сенбілік өтіп жатыр.