Ақтөбе облысында 14 ауыл дизель генераторымен күнелтіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 10 бригада электр желілерін қалпына келтіріп жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев айтты.
«Жалпы осы уақытта су тасқынына қатысты жағдай облысымызда тұрақты деңгейде. Облыс әкімінің төрағалығымен жедел штаб тәулік бойы жұмыс атқарып жатыр. Ахуал толығымен бақылауда. Су тасқыны басталған күннен бастап бүгінгі күнге дейін 41 елді мекен немесе 5 000-ға жуық абонентке электрмен жабдықтау қызметі қалпына келтірілді. Қазіргі таңда 14 елді мекенде 236 абонент электр энергиясынан ажыратулы. Дегенмен барлық тұрғындарға дизель генераторы арқылы тоқ беріп жатыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндгі брифингте.
Оның атап өтуінше, осы уақытта 10 бригада, 60 техника барлық елді мекенде қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Электр қуатын қалпына келтіру жоспары құрылды. Жоспарға сәйкес су деңгейінің төмендеуіне орай 7 күн ішінде жұмыстар аяқталады.
«Облыстағы 11 елді мекенмен жол қатынасы уақытша үзілді. Салыстырмалы түрде айтсақ 30 наурызда осындай 17 елді мекен болған. Бүгінде, 10 елді мекенмен көлік қатынасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Осымен бірге, Ойыл ауылындағы үлкен көпірді қалпына келтіру жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жобалау мекемелерімен техникалық тексеру жұмыстары ұйымдастырылды. Осы аптаның аяғына дейін қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтайтын боламыз», - деді Асылбек Есенбаев.