Ақтөбе облысында 56 шетелдік жолаушы жолда қалып қойған
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысында полицейлер жолда қалған автобус жүргізушісі мен шетелдіктерге көмектесті. Бұл туралы Polisia.kz ресми сайтында хабарланды.
Елімізде ауа райы күрт нашарлады. Салдарынан кеше түнде Ақтөбе облысында республикалық жолдар жабылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін полиция қызметкерлері жол қозғалысын реттеп, көлік жүргізушілеріне көмектесіп жатыр.
7 қарашада Қалыбай ауылының маңындағы Самара — Шымкент тасжолында Ресейден Тәжікстанға бағыт алған Van Hool рейстік автобус жолда тұрып қалды. Салонда 56 шетелдік жолаушы, оның ішінде 4 кәмелетке толмаған бала болды.
— Тәртіп сақшылары адамдарды эвакуациялап, кемпингке орналастырды. Медициналық көмекке мұқтаж адамдар болған жоқ, — делінген ведомство хабарламасында.
Полиция қызметкерлері азаматтарды ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда барынша сақ болуға шақырады.