Ақтөбе облысында басталған пилоттық жоба енді өзге өңірлерде жүзеге асырылады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Пилоттық жоба «Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлы технологиялар арқылы дамыту» деп аталады. Өңірде былтыр бастау алды.

Ақтөбе облысы әкімдігі
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбеде ауылдардағы шағын жинақты мектептерді дамытуға бағытталғанпилоттық жобаның қорытындысы бойынша республикалық семинар өтті. Оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Қамқоршылық кеңесі төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова қатысты. 

Ақтөбе облысы әкімдігі
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Семинардың модераторы ретінде сөз алған аймақ басшысы Асхат Шахаров пилоттық жобаның тиімділігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына әрдайым қолдау көрсетіп, оның дамуына серпін беретін нақты міндеттерді жүктеді. Бүгінгі семинар – Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Былтыр Ақтөбе облысында жүзеге асырылған «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттырды. 2023 жылмен салыстырғанда, ауыл мектептерінің білім сапасы орташа есеппен 7%-ға артты. Облыста білім берудің цифрлық экожүйесі қалыптасты. Шағын жинақты ауыл мектептерін қолдау мақсатында елімізде алғаш рет қолға алынған теңдесі жоқ ірі жоба үшін еңбек еткен барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін», - деді облыс әкімі.

Өз сөзінде вице-премьер Тамара Дүйсенова пилоттық жобаның нәтижелерін жоғары бағалап, оны өзге өңірлердің де тәжірибесіне енгізу керектігін сөз етті. 

Ақтөбе облысы әкімдігі
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

«Бұл жобаны кеңейте түсу керек. Біріншіден, шағын жинақты мектептер көп аймақтарда көбірек іске асыру керек. Біздің басты мақсатымыз – барлық балаға сапалы білім беру», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Бір жыл көлемінде облыс әкімдігімен бірге, құзырлы министрлік, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен «Қазақстан халқына» қоры аталған жобаның жүзеге асуына атсалысты. 

Ақтөбе облысы әкімдігі
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде оған қатысқан 134 мектептің 113-і әмбебап кабинеттермен, қалғаны – жаратылыстану және цифрлық кабинеттермен жабдықталды. Қаржы «Қазақстан халқына» қорынан бөлініп жатыр. Бұл мектептерде білім берудің 4 цифрлы форматы тестілеуден өткізілді. Яғни, білім беру мекемелері аудан орталықтарындағы тірек мектептермен байланыс орнатып, педагогтер де стримингті оқытудың цифрлық шешімдерін пайдаланды. 

Ақтөбе облысы әкімдігі
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Соның нәтижесінде, біріншіден оқу жылының басында және аяғында FURO мен Назарбаев зияткерлік мектептері өткізген мониторинг пәндердің барлығынан дерлік даму бар екенін көрсетті. Екіншіден, пилоттық жобада тірек мектептермен тікелей байланыста болып, ұстаздарынан білім алған шағын жинақты мектептердің көрсеткіші басқа оқыту формаларынан жоғары нәтиже көрсетті. Үшіншіден, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің күшімен мектептердің 77,4%-нда интернет мәселесі оңтайлы шешілді.

Бұдан бөлек, пилоттық жоба шағын жинақты мектептерде педагог мамандардың тапшылығы мәселесін шешуге болатынын көрсетті. Ол үшін тірек мектептермен тығыз байланыс орнатып, цифрлық платформалармен жұмысты күшейту керек. Бұл ретте, жергілікті білім басқармасының жұмысын атап өткен жөн. Облыстық методикалық орталық оқытудың сабақ кестесін мектептер арасында үйлестіріп қана қоймай, 12 мыңнан артық онлайн сабақты бақылап, педагогтермен кері байланыс орнатты.

«Ақтөбе облысы – тірек және магнит мектептердің кешенді жұмысы толық іске асқан еліміздегі алғашқы аймақ. Жобамыздың нәтижесі шалғай аймақтардағы сапалы кадр жетіспеушілігін тірек мектеп ұстаздары мен цифрлы технологиялар арқылы шешуге болатынын көрсеттік», - деді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

Тағы бір айтып өтерлігі, пилоттық жоба аясында методикалық ұсыныстар, аналитикалық материалдар, заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер ұсынылды. Семинарға қатысқан жобаның серіктестері алдағы уақытта өзге аймақтарға жобаның ұйымдастыру мен орындау әдістерін бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар