Ақтөбе облысында дельтаплан апатқа ұшырап, ұшқыш мерт болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Жарық ауылының маңында өндірістік жұмысты орындау барысында «Самғау АГРО» ЖШС тиесілі дельтаплан ұшу аппараты апатқа ұшырады.

дельтаплан
Фото: Pexels

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, дельтаплан ұшқышы қаза тапқан.

«Бұл оқиға бойынша ҚР Көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрды. Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнына жіберілді» дейді комитеттен. 

Сондай-ақ кеше, 21 маусымда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылының маңында ұшу барысында «Самғау АГРО» ЖШС тиесілі Ан-2 әуе кемесі жерге қатты екпінмен қонған. 

Бортта екі адамнан тұратын экипаж мүшелері болды. Зардап шеккендер жоқ.

Авиациялық оқиғаларды тергеу жөніндегі қағидаға сәйкес бұл оқиға да авиациялық апат ретінде қаралады.