Ақтөбе облысында екі спорт мектебінің басшысы 12 млн теңгені букмекерлік кеңсеге жұмсаған
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысында екі балалар-жасөспірім спорт мектебінің басшылары бюджет қаражатын негізсіз иемденгені анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

Облыс прокуратурасы спорт алаңдары мен залдарын жалға беру қызметтерінен бюджетке түсуі тиіс болған қаражатты екі балалар-жасөспірім спорт мектебінің басшылары негізсіз иемденгенін анықтады.
— Олар 12 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселерде жұмсаған. Аталған фактілер бойынша прокуратура 2 қылмыстық іс тіркеді. Тергеуді облыстық Экономикалық тергеу департаменті жүргізді, — делінген прокуратура хабарламасында.
Осы жылдың 10 қаңтарында тергеу аяқталып, қылмыстық іс (істер біріктірілді) мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Еске сала кетейік, бұған дейін прокуратура тексерісінен кейін Ақсуда пәтер жалдау ақысы арзандағанын жазған болатынбыз.