Ақтөбе облысында Қарабұтақ – Қостанай жолының 80 шақырымы жөнделеді
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар Қарабұтақ – Қостанай автожолының 80 шақырым учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 234 шақырым болатын жолдың 105-136 және 185-234 шақырым аралықтарын қамтиды.
Құрылыс алаңында асфальт-бетон зауыты мен қиыршық тас өндіруге арналған ұсақтау-сұрыптау кешені іске қосылған.
Жоба аясында ескі жол жамылғысы жонылып, суық жону әдісі арқылы жолдың негізі нығайтылады. Бұл технология жолдың беріктігін арттырып, оның пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, жөндеу барысында жолға қалыңдығы 9 және 6 сантиметр болатын екі қабат асфальт-бетон төселеді.
«Сонымен қатар жол жиектері нығайтылып, жаңа жол белгілері орнатылады», – деді Айбол Данағұл.
Қазіргі уақытта жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін жол сапасы айтарлықтай жақсарып, республикалық маңызы бар көлік дәлізінің өткізу қабілеті артады.
Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге үндеу жасады.