Ақтөбе облысында қой жүнінен жылына 2,2 мың тонна дайын өнім шығарылады

АСТАНА. KAZINFORM- Ақтөбе облысында қой жүнін терең өңдейтін «KazFeltec» серіктестігінің зауыты жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын жылына 3,6 мың тоннаға дейін шикізат өңдеп, 2,2 мың тоннаға дейін дайын тоқыма емес материал шығаруға қауқарлы.

Ақтөбе облысы Қазақстанда жайылымдық жер көлемі бойынша бірінші орында
Фото: ҰЭМ

Өндіріс орны Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы шаруа қожалықтарынан қой жүнін сатып алады, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бапасөз қызметі.

Кәсіпорын былтыр пайдалануға берілген. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 5,3 млрд теңгені құрайды. Зауыттың іске қосылуы отандық мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер үшін жаңа өткізу нарығын қалыптастырып, бірнеше өңірдің жергілікті шикізатын өнеркәсіптік өңдеуге тартуға мүмкіндік берді.

Өндірістік желі заманауи италиялық CORMATEX жабдықтарымен жарақтандырылған. Табиғи шикізаттан экологиялық таза жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіріледі. Бұл өнімдер құрылыс, жиһаз жасау және басқа да салаларда қолданылады.

Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа жеткізіліп жатыр. Алдағы уақытта компания экспорт нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Осыған дейін елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесі 70 пайызға жеткізілетіні туралы жаздық.