Ақтөбе облысының білім беру саласында заң бұзған лауазымды тұлғалар жазаланды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысының прокуратурасы жүргізілген талдау нәтижесі бойынша 300-ден астам азаматтың конституциялық құқықығының бұзылғанын анықтады.

Заңнамаға сәйкес еңбек шарттары қызметкер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін, қызметкерді кемінде бір ай бұрын хабардар ете отырып, бір лауазымдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлеумен бұзылады. Облыс аудандарының білім бөлімдері ұжымдық шартта көрсетілген бір лауазымдық жалақы (тарифтік мөлшерлеме) мөлшерінде өтемақы төлемейтіні анықталды.
— Шалқар ауданының білім бөлімі 116 қызметкерге жалпы сомасы 12 млн теңгеден асатын бір лауазымдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлемеген. Осындай бұзушылықтар Мәртөк, Алға, Әйтекеби және Мұғалжар аудандарында да анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 300-ден астам қызметкердің конституциялық құқықтары қалпына келтірілді, жалпы сомасы 20 млн теңгеден астам өтемақы төленді. Бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Бұған дейін хабарланғандай ШҚО прокуратурасы түрмеде дәрігерлерге негізсіз төлемдер жасалғанын анықтаған еді.