Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметіне Досжан Әлібеков тағайындалды. Ол биыл қыркүйек айында ғана осы басқарманың басшысына орынбасар болған.

Ақтөбе облыстық әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс. 33 жастағы Досжан Әлібеков бүгін Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Ол 2013 жылы Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетін, 2015 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2020 жылы Нью-Йорк университетін тәмамдаған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2014 жылы Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекші маманы болып бастады.
2014–2020 жылдары Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы болды.
Ал 2020–2024 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің бас сарапшысы, басқарма басшысы, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің өңдеу өнеркәсібі жобалары басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарды.
Еске салсақ, былтыр 27 қараша күні Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметіне Асқар Әбішев тағайындалып, жұмыс істеді. Алайда ол бір жылға жетер-жетпес уақытта қызметтен кетті.