Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы ауысты. Жеке құрамға департаменттің жаңа бастығы Қаһарман Оразалин таныстырылды. Ол әзірге уақытша міндетін атқарушы болып саналады.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі аппарат басшысының міндетін атқарушы Ерғали Бахаев Ақтөбе облыстық ТЖД-нің жеке құрамына департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалған Қаһарман Оразалинді таныстырды. Қаһарман Оразалин 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Шәкірім атындағы Семей мемлекеттік университетін, 2011 жылы Ресейдің ТЖМ Азаматтық қорғау академиясын бітірген.
— Азаматтық қорғау органдарында 2007 жылдан бастап қызмет атқарады. Әр жылдары азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің аға офицері, ШҚО ТЖД әскери жұмылдыру және арнайы жұмыс бөлімінің бастығы, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді, — деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін осы қызметті атқарған Нұрғали Жүнісов 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалған еді. Оның Ақтөбеде жұмыс істегеніне бір жыл толмады.