Ақтөбе облысында 29 жастағы ер адам өзінің көңілдесін өлтірді

АҚТӨБЕ. 19 қазан. ҚазАқпарат - Ембі қаласында өз үйінің дәлізінен бас сүйегінің ауыр жарақаты белгілерімен 33 жастағы екі балалы әйел адамның мүрдесі табылды.

Ақтөбе облысында 29 жастағы ер адам өзінің көңілдесін өлтірді

ІІД баспасөз қызметінде хабарланғандай, жедел-іс-шараларын жүргізу барысында қылмысты жасады деген күдікпен 29 жастағы Мұғалжар ауданы Құмжарған кентінің тұрғыны ұсталды.

Сұрақ-жауап алу кезінде күдікті жәбірленушіні 2005 жылдан бері танитынын, 2 жыл бұрын ол күйеуімен ажырасқаннан кейін екеуі кездесе бастағанын түсіндірді.

Алайда, әйелдің өз үйінде көңілді отырыс өткізгенін естіп, ер адам көрші ауылдан келіп, қызғаныштың буымен оны монтаждаушы құралмен ұрып-соққан, салдарынан әйел адам оқиға орнында көз жұмған. Жәбірленушінің артында 6 және 16 жастағы ек баласы қалған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 96-бабы «Кісі өлтіру» негізінде қылмыстық іс қозғалды және сот-медициналық сараптама тағайындалды. ҚР қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 132-бабы бойынша күдіктіге уақытша қамау шарасы қолданылды.