Ақтөбе облысында ауа райының бұзылуына байланысты ескерту жасалды

АҚТӨБЕ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысында бүгін ауа райының бұзылуына байланысты ескерту жасалды. Өңірдегі ауа райы кешеден бұзыла бастаған болатын.

Ақтөбе облысында ауа райының бұзылуына байланысты ескерту жасалды

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметінің бас маманы Әсия Есболатованың айтуынша, 9 ақпан күні таңғы 9-дан 10 ақпан күнгі таңғы 7-ге дейін республикалық маңызы бар жолдар жабылған.

«Түнде апаттық жағдайда екі құтқару жұмыстары жүргізілді. Қобда ауданында 2 машина қауіпсіз жерге апарылып, 6 адам, соның ішінде бір баланың өмірі аман қалды. Хромтау трассасында 7 көлік қарда қалып, Қазавтожол қызметкерлері адамдарды құтқарды», - дейді ол.

Бүгін Қазгидрометтің болжауынша, өңір бойынша қар жауады, қарлы боран соғады, жолдарда көктайғақ болып, кейбір жерлерде тұман түседі. Ауаның температурасы күндіз -3 градустан +2 градусқа дейін, ал түнде 3-6 градус суық болады. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, ал шығыстан соққан жел секундына 17-20 метр жылдамдықта, кейде секундына 27 градус жылдамдыққа жетеді.

10 ақпан күнгі таңғы сағат 10.00-ден ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарабұтақ-Комсомол трассасы жабылды.