09:45, 03 Шілде 2010 | GMT +5
Ақтөбе облысында екі күнге дейін дес бермеген өрттер сөндірілді
АСТАНА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында екі күнге дейін дес бермеген далалы алқаптағы өрттер сөндірілді.

ҚР ТЖМ-нан хабарлағандай, Шалқар ауданы Берсігүр ауылдық округінде шілденің 2-сі күні, бір күн бұрын басталған далалы алқаптағы өрт сөндірілді. Жалынның аумағы 425 гектарды шарпыды. Төтенше жағдайды жоюға Ақтөбе облысы бойынша ТЖД-ның жеке құрамы мен ерікті өрт сөндірушілер құрылымы жұмылды.
Ал Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылдық округіне қарасты Ордабайтоғай өлкесінде дала өрті екі күнге жалғасты. 700 гектар аумақты қамтыған тілсіз жау шілденің 2-сі күні ауыздықталды.
Отты сөндіруге Ақтөбе облысы бойынша ТЖД-ның жеке құрамы, ерікті өрт сөндірушілер құрылымы мен жергілікті халықтың техникалары тартылды.
Екі оқиғада да құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.