Ақтөбе облысында газ бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеуге қатысты меморандумға қол қойылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында сұйылтылған газға бағаның негізсіз жоғарылауына жол бермеу жөнінде меморандумға қол қойылды. Облыс басшылығының бастамасымен аталған құжатқа жергілікті билік органы, газ желілік ұйымдарының өкілдері мен газды бөлшектеп сату нарығының субъектілері арасында қол қойылып отыр.

Ақтөбе облысында газ бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеуге қатысты меморандумға қол қойылды

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжатқа сәйкес, тараптар көтерме саудадағы бағаның негізсіз жоғарылауына жол берму, тұтынушыларды сұйылтылған газды еркін сату арқылы қамтамасыз ету, сонымен қатар, бағаны тұрақтандыруға және газ жеткізуде олқылықтар болмауы үшін бірлесіп шаралар қолға алады.

Сонымен бірге тараптар газ моторлы отын бағасын литріне 37 теңге деңгейінде ұстап тұру жөнінде келісімге қол жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда сұйылтылған мұнай газына жаңа шекті баға қойылған болатын.

«ҚР Энергетика министрлігінің 2016 жылдың 5 шілдесіндегі №301 бұйрығына сәйкес, 2016 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ішкі нарықта сұйылылған мұнай газын сатқанда 23106,45 теңге/тонна (ҚҚС есептемегенде) деңгейінде болу керек», делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

ҚР «Газ және газбен қамтамасыз ету туралы» Заңына сәйкес, сұйылтылған газды ішкі нарықтағы таратудағы шекті баға еліміздің барлық аумағында қолданылады. 2015 жылдың ақпан айынан бері ҚР-да шекті көтерме баға тоннасына 11 033,91 теңге деңгейінде болатын (ҚҚС есептемегенде). Бұл көршілес мемлекеттердегі бағаларға (Ресейде - 59 019 теңге/тонна, Тәжікстан - 104 864 теңге/тонна) қарағанда әлдеқайда төмен.