Ақтөбе облысында қолдан дайындалған алкоголь сату дерегінің жолы кесілді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті жалған есепке алу-бақылау таңбалары бар суррогат алкоголь өнімін дайындау және өткізу дерегінің жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысының тұрғыны өз үйінде алкоголь өнімдерін жасап, ыдыстарға құйып, кейіннен облыстың сауда орындарына өткізген.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында 600 литр спирт, жалған ЕБМ, заттаңбалар, құюға арналған ыдыстар, сондай-ақ 7 мыңға жуық бөтелке дайын алкоголь өнімі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
«Заңсыз айналымға түсетін алкоголь өнімдерінің негізгі бөлігі көбінесе антисанитариялық жағдайда, жерасты цехтарында немесе үйде жасалады. Бұл ретте, этил спирті спирттік ішімдіктерді қолдан өндірудің басты компоненттерінің бірі болып табылады. Адам ағзасына түскеннен кейін ол денсаулыққа ауыр зардаптары бар улануды тудыруы мүмкін»,-делінген ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.