Ақтөбе облысында мал басы артып, ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылуда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында мал басы артып, ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында мал басы артып, ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылуда
«Өңіріміздің өзіндік әлеуеті – қолайлы климат және кең байтақ алқаптардың болуы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға және еліміздің батыс өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өнімдерді шетелдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Біз 2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіп, Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы бойынша 5 жылдық жоспар әзірледік», - деп атап өтті О. Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сол жоспарға сәйкес 2020-2021 жылдары жем-шөпті субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен бұрын-соңды болмаған 12,7 млрд теңге бөлінді және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды субсидиялауға 7,2 млрд теңге қаражат қарастырылған.

«Техника алуға республикалық бюджеттен беретін 25%-тік субсидияға қосымша жергілікті бюджеттен 10% қосымша бөліп отырмыз. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуы қарқынды жүруде. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,9% құраса, 2021 жылы 5,9%-ке жеткізілді. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес аталған бағыт бойынша облыстар арасында алдыңғы қатардамыз, яғни, техникалардың жаңартылуына қолдау көрсетілді», - деді О. Оразалин.

Соңдай-ақ соңғы 2 жылда 700 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді, жылқы малы 38%–ке өсті, ірі қара мал басы – 20%-ке, ұсақ мал – 7,1%-ке, құстар саны – 4,5%-ке ұлғайды. Осындай қарқынмен мал басының артуына байланысты жем-шөппен қамтамасыз ету үшін 2020 жылдан бері республикалық бюджет есебінен 25 мың гектар көлтабанды және 10,6 мың гектар үнемі суармалы жерлер бүгінде қалпына келтірілуде. Жалпы жоспарға сәйкес алдағы 3 жылда қолданыстағы суармалы жерлердің алқабын 100 мың гектарға дейін жеткіземіз», - деді өңір әкімі.

Осы шаралар арқылы облыс 32 негізгі азық-түліктің 24-імен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Оның ішінде ұн, нан өнімдері, сүт, ет өнімдері, жұмыртқа және көкөніс түрлері бар.

«Алдағы 3 жылда агроөнеркәсіптік кешенде 315 млрд теңгеге 75 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде келешекте бағаны тұрақтандыруға толықтай мүмкіндігіміз болады», - деді Оңдасын Оразалин.