Ақтөбе облысында спорт апталығы өтеді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында спорт апталығы өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Биыл Спорт күні бір апта бойына мерекеленетін болады.
«10-18 тамыз аралығында Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында 15 ірі іс-шара өтеді, оларға 15 мың адам қатысады. Спорттық жарыстар Тұңғыш Президент атындағы саябақта, БЖСМ, шахмат аллеясында ұйымдастырылады. Спорт апталығы бойына облыс тұрғындары ақтөбелік спортшылардың өнерлерін көре алады, жүзуден, теннистен, зияткерлік және спорттың ойын түрлері бойынша ашық есік күндері оларға кіре алады», - деді Мейрамбек Махамбетов.
16 тамызда Тұңғыш Президент атындағы саябақта грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі балуандары флешмоб көрсетеді. Сонымен қатар, «Күрестің 12 түрінен фестивальдің» ақтық кездесулері болады.
Спорт апталығының негізгі оқиғасы 18 тамызда «Жекпе-жек» сарайында өтеді, онда үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттайды, көрермендер акробаттар мен гимнастшылардың шоуын, кроссфиттен жарысты қарай алады. Сондай-ақ, осы шара аясында қонақтар облыстың беделді спортшыларын басқа қырынан тани алатын болады.
Спорт апталығы 18 тамызда кешкісін Тұңғыш Президент атындағы саябақта үлкен бағдарламамен жабылады.